ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ (Аса көрнекті мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты салтанаттағы сөз)

27.05.2022
Ол – кескекті кезеңде келелі істер тындырған кемел ер. Кемеңгер. ...Ұлттық төл элита əлі қалыптасып үлгермеген еді. Оқығандар шашыранды жұрттан шыққандықтан бас қосып, күш біріктіруге құлықты емес еді. Мұндай жағдайда əлгіндей тəуекелге бел байламақ түгілі, ол жайында ойланудың өзі ақылға сыймас батылдық еді. Соған айдаладағы ауыл мұғалімінің қалай жүрегі тұрғанына қанша таңғалсаң да көптік етпейді. Бұл жағынан келгенде, Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бəлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт, Асан қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да.

Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сəйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді.

Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мəселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да Ахмет Байтұрсынұлының рухани қалыптасуына тікелей əсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі Фараби мен Иасауидің заты түгілі, атына қанық емес еді. Шоқан Уəлихановтың атына қанық қазақ оқығандары еңбектерімен соншалықты таныс емес еді.

Ал, Абайдың атына да, затына да Байтұрсынұлы тым беріде, өз таңдауын жасап, сол үшін айыпты боп, Семейге ауып барған кезде қанығыпты. Ал бала жасынан жақсы білетін Ыбырай өнегесінің жаңа кезең жағдайында жеткіліксіз екендігіне бастапқы жылдары-ақ көзін жеткізіп үлгерген-ді. Елді түзеудің баланы оқытуды түзеуден, ұлт болудың қазақша оқуды жолға қоюдан басталатынын ұғындыру еді. Сол мақсатта əрекеттену үшін метрополиядан шалғайырақ жатқан Қарқаралыға барды. Жанын жегідей жеп жүрген уайымдарын жан-жағына жасырмай айтып көрді. Оны естімейтін құлақтар естіп қойды. «Жуылып тазармаған Қарқаралыдан» аласталып, Семейабақтысына қамалды.

Жаңа жазу. Жаңа əліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен əдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мəңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны таңданбасқа болмайтын жəйт.

Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің.

Ахаңдар қазір арамызда жүрсе, баяғы «Қызыл əскер тіл ашары» сияқты «Кəсіпшінің тіл ашары». «Іскерлік тіл ашары», «Тəуелсіздік тіл ашары». «Демократия тіл ашары», «Əділет тіл ашары», «Кеңсе тіл ашары», «Билік тіл жұмсары», «Құқ əліппесі» қосылмасына, тіл тану құралдары тіршілік тану, заң тану, адам тану, қоғам тану құралдарына айналмасына кім кепіл? Сондай мемлекеттік тілдің жолындағы талай психологиялық тосқауылдың өз-өзінен аласталмасына кім кепіл?

«Елін қорғайтын ер болайық,

Ерін қолдайтын ел болайық!» – дер. «Қай ісіміздің де Құдай сəтін салғай! «Əумин» деп қол жайып, «Əуп» деп күш қосып, «Алла!» – деп іске кіріселік», – дер. Бүгін бұны жете ұғынып, терең сезініп отырған халық та бар, қоғам да бар, азамат та бар. Сондықтан ұлтымыздың кешегі де, бүгінгі де, ертеңгі де Ұлы Ұстазына: «Лəббəй, тақсыр! Айтқаныңыз болсын!» – деп басымызды иіп, тағзым етелік!

Әбіш Кекілбаев

12-қыркүйек 1998 жыл

Comments (0)
Post a comment