«ҚАЗАҚ ҚАЛПЫ» МЕН «ҚАЗАҚ САЛТЫ»

03.06.2022
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында ұйымдастырып жатқан «Тіл-Қазына» оқуларының» 2 маусымдағы кезекті дәрісі ұлт ұстазының «Қазақ қалпы» мен «Қазақ салты» өлеңі бойынша мәтінге жалпы филологиялық талдау жасауға арналды. Бұл туралы Орталықтың жетекші ғылымси қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Сая Итеғұлова әңгімелеп берді. «Әдебиетте әр дәуірдің өзінің палитрасы болады. Біз таңдау нысаны ретінде алып отырған Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы» мен «Қазақ салты» өлеңдері де ұлт ұстазының идеялық ұстанымын толық аңғартатын реалистік туындылар. Бұл екеуі де «Маса» жинағына енген шоқтығы биік шығармалар», – деп бастады ғалым өз сөзін.

Оның айтуынша, «Қазақ қалпы» өлеңінің өн-бойынан отарлық езгідегі ел-жұртын азаттыққа жеткізсем деген ұлы мұрат менмұндаласа, «Қазақ салты» өлеңінде құлдық сананың жемісі ретінде пайда болған ерсі қылықтарды, елдік қасиетті аяқасты ететін ездік кесапаттарды әшкерелеп, қатты сынайды.

«Ғасырдан астам уақыт өтсе де, Ахаң жырлаған «Қазақтың қалпы» мен «Қазақтың салты» өзгере қоймағанын қынжыла отырып мойындауға тура келеді,–деді Сая Ағанасқызы. – «Қазақ қалпы» өлеңі бұрын мектеп бағдарламасына енгізіліп, оқушыларға әдебиет пәнінен оқытылып келді. Алайда кейінгі жаңартылған білімберу бағдарламасына сәйкес бұл өлең оқытудан алынып тасталған. Біздің ойымызша, әлеуметтік маңызы бар, тәрбиелік мәцні зор бұл өлеңдерді мектеп бағдарламасына қайта енгізу керек. Өйткені, ертеңгі қазақтың қалпы мен қазақтың салты бүгінге қарап бой түзейді».

Comments (0)
Post a comment