БЕРЕРІ МОЛ ДӘРІС

08.06.2022
2022 жылғы 8 маусымда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, ҚР Білім Академиясының корреспондент-мүшесі, белгілі ғалым Ербол Тілешов Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті филология факультетінің А.Байтұрсынов атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы ұйымдастырған «Ахметтану дәрісіне» қатысып, «Ахмет Байтұрсынұлының әдіснамалық сабақтары» деген тақырыпта ой тербеді. «Ұлт ұстазының еңбегін бағалап, жан-жақты түсіндіру жұмыстарына арналған бұл дәрісіміздің орны оқшау болары даусыз, – деді профессор, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай. – Өйткені, Ахаңның тереңіне бойлап, өзіндік ғылыми тұжырым жасап келе жатқан мықты ғалымдарымыздың бірі осы Ербол мырза.

Оған қарап отырып, ұстазымыз Рымғали ағамызды көргендей боламыз. Әдебиет арқылы тіл көрінеді, тіл арқылы әдебиет жазылады емес пе, осылай үзбей айтудың арқасында Алаш арыстарынан бастау алған тіл мен әдебиеттің арақатынасы туралы мәселенің басы бұл күнде бері қайырылып келеді».

«Ахаң дегенде есі бар қазақ, әр саналы азамат атсалысуы керек. Ол қазақ әдебиеті теориясының тұғырнамасын жасаған адам. Біздің қолымызға осы бағытта құрал ұстатып кеткен адам. Әдістеме туралы ұлт ұстазының өз пікіріне жүгінсек, «Ұлы істердің әдісі де ұлы болады. Ұлы әдісті үйрету де, үйрену де қиын болады. Ұсақ істің істеу мәнісін білгенмен, істеу әдісін білмей, дұрыстап істеуге болмаса, ұлы істі дұрыстап істеуге болар ма?»

Ахмет Байтұрсынұлының алдында дәстүр болмағандықтан, тыңға түрен салуға мәжбүр болды», – деді Е.Тілешов.

Шара соңында сөз алған академик К.Құрманәлиев ғылыми деректермен дәлелденген дәріс болды десе, Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов бағдарламалық негіз бола аларлық ғылыми еңбек деп атап өтті.

Дәріске елімізге белгілі ғалымдар мен студенттер қауымы, жалпы тіл жанашырлары қатысты.
Comments (0)
Post a comment