АХАҢНЫҢ АРУАҒЫНА АРНАЛДЫ

27.06.2022
2022 жылғы 24 маусым күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, белгілі ғалым Е.Тілешов ұжым атынан «Астана қайырымдылық мекемесі» медресесіне барып құрбандық шалып, арнайы құран оқытып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларынан құралған тәрбиеленушілерге Алаш арысының кітаптары мен әр жылдардағы суретін сыйға тартты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында Орталық ұжымы осылай ұйғарған екен. Орайы қасиетті Жұма күнге келген сауап боларлық мұндай қадамға Ерболат ұстаз ерекше ілтипат білдірді, әсіресе, Құдай жолындағы құлшылықпен қатар, ұрпақ тәрбиесіндегі үлкен маңызын атап өтті.

«Еліміздің бостандығы жолында, болашақ ұрпақ қамы үшін шейіт кеткен арыстарымыз қаншама. Олар ұлт жәйін айтып қана қоймай, соңғы демі таусылғанша күрескен, қажет десе, басын тігіп, жанын пида қылуға дейін барған. Кешегі кеңестік идеология есіл ерлердің есімдерін ұрпақ жадынан шығаруға тырысты. Жазықсыз жапа шеккендері өз алдына, тәу етейін десең, бүгінде көбінің мәңгілік мекені белгісіз. Тәубе, Жаратқан иеміз асыл мұраты мен ақ тілектерін қабыл қылды деп ойлаймын. Тәуелсіз ел болдық, өз жолымызды таптық. Қалған жерде бәріміз жабылып жүріп, қызмет жасасақ дұрыс болар еді. Ол оншалықты қиын шаруа емес. Әуелі ана тілімізде сөйлеп, балаларымызды қазақша оқытып, ұлттық тәрбиеге уызынан жарытсақ, арыстардың арманы орындалған болар еді», – деді Ербол Тілешов.

 

Бұдан басқа төрт баласымен баспанаға жарымай жүрген отбасыға көмек көрсетілді.

Comments (0)
Post a comment