МӘСКЕУГЕ ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

07.07.2022
2022 жылғы 27 маусым-2 шілде аралығында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешов Мәскеуге ғылыми экспедиция құрамында барды. Бір аптаға созылған бұл шоқтығы биік шара ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу аясында ұйымдастырылды. «Дүниежүзі болып атап өтіп жатқан мерейлі дата тұсында Ахаңның ізі қалған құжаттар табылып қалады-ау деген әлемнің біраз архивтеріне экспедиция жасау ұйғарылған еді. Оның ішінде Финляндияның астанасы Хельсинки қаласынан бастап, Ресей, Өзбекстан секілді мемлекеттер бар. Күні кеше ғана Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясының Мемлекеттік архивінен оралдық.

Алдын ала жоспарлау мен өзара келісімнің арқасында 7 млн астам қоры бар үлкен мекемеден 16 құжатқа тапсырыс берілді. Олардың көлемі әртүрлі, 200 бетке дейін барып қалатындары да бар. Бірден айтайын, олжамыз аз емес. Бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген тың мәліметтер табылып жатыр. Кейін экспедиция қорытындысымен жарық көретін жинақта жарияланады», – дейді Ербол Ердембекұлы.

Естіген адамның көңілін толқытарлық тағы бір сәт. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың 15 жыл тұрған үйі жанында естелік суретке түскен екен. Үшінші қабаттағы терезе сол тарихи кезеңнің куәсіндей күнге шағылысып, қиялыңды көкке өрлетеді.

Бұдан басқа Хамовникийдегі Л.Толстой музей-үйіне бас сұғыпты.

Ғылыми экспедицияның басқа мемлекеттер мен Ресейдің Қазан, Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы, Троицк секілді қалаларына сапар туралы сауалымызға: «Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, Ресейдің бірқатар қалаларында жұмыс жүріп жатыр, ал еліміздің белгілі ғалымдары қатысатын ғылым жорығы жуық арада өз жалғасын табады», – деген жауап алдық.

Сәт-сапар тілейміз!

Comments (0)
Post a comment