ТЫҢ ДЕРЕКТЕР ІЗДЕУ ҮСТІНДЕ

15.07.2022
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш қозғалысына қатысқан қоғам қайраткерлерінің шетелдердегі архивтерден табылған еңбектері негізінде жинақ әзірлеу бойынша қабырғалы жұмыстарды атқару үстінде. Қазақстандық ғалым мамандардың алғашқы тобы өткенге тағзым, келер ұрпақ үшін ұлағаты мол мұндай киелі іске білек сыбанып кірісіп кетті.

Мұның алдында ғана Орталықтың Бас директоры, белгілі ғалым Ербол Ердембекұлы Тілешов пен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Қожахметұлы Смағұловтың Мәскеудегі Ресей Федерациясы Мемлекеттік архивіне олжалы сапары жөнінде жазған болатынбыз.

«Дәл қазір Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Алтайұлы Жақыпов Санкт-Петербург қаласында жұмыс жасап жатыр. Бұдан басқа А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD Маралбек Ермұхамет пен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, ғылым магистрі Әрлен Сейітбатқал ұлыларымыз туралы тың мәлімет іздеп Орынбор қаласында болды, енді Троицк қаласында ғылыми жорықта жүр. Мұндай сипаттағы халықаралық байланыстан күтеріміз көп. Нәтижесінде тың деректер ғылыми айналымға түсіп, халқымыз Ахаң бастаған Алаш арыстары туралы соны мәліметтермен толыққан еңбекпен қауышатын болады», – дейді Орталықтың ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыхан Нұроллақызы.

Еліміздегі көкірегі ояу, құлағы түрік ағайыннан басқа, дүйім ғылыми қауым әрбір қадамын жіті қадағалап отырған бұл экспедиция Хельсинки мен Қазан, Омбы мен Ташкентте жалғасады.

Comments (0)
Post a comment