ТАНЫСТЫРУ ТЫҢ ҚАРҚЫНҒА ИЕ БОЛУДА

19.07.2022
2022 жылдың 19 шілдесі күні Тіл саясаты Комитеті тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қызметкерлері арасында қазақ тіліндегі IT жобалардың кезекті таныстырылымын өткізді. Орталықтың Әдістеме басқармасы ғылыми қызметкері Айгүл Орманова қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жаңа ақпараттық технологиялар туралы жан-жақты баяндап берді.

«Қарап отырсаңыз, компьютерлік технологиялардың даму қарқыны көз ілеспес шапшаңдықпен өсіп келеді, қазір адамның қарапайым тұрмысында көрініс таппаған саланы табу өте қиын. Ендеше тіл үйретуде де бұл үрдіс кең қанат жайып жатса, оған еш таң қалудың реті болмас. Бүгін таңда қазақ тілін оқытуда ақпараттық технологиялардың жаппай қолданылуы нағыз қажеттілікке айналған. Бұл, біріншіден, тәжірибелік әдіс-машықтарды ұдайы жетілдіріп отырудың таптырмас мүмкіндігі»,– дейді Айгүл Әділбекқызы.

 

Дәріс тыңдаушылар жаңа ІТ жобалар оқу процесін жеке тұлғаға бейімдеп, өз бетіндік жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік беретінін жиі айтады. Әр таныстырылымнан кейін «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Тermincom.kz», «Emle.kz», «Qazcorpora.kz» сайттары мен барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген «Qujat.kz» және ономастикалық «Atau.kz» порталдарына кіріп отырады екен.

Әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасау, шығармашылықпен зияткерлік әлеуетіңді арттырып, өз бетіңмен жаңа білім алу жағдайы қазақ тілін оқуға деген қызығушылығыңды одан әрі арттырары сөзсіз.

Содан шығар, таныстыру тың қарқынға ие болуда.

Comments (0)
Post a comment