ТЕСТІЛЕУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ТЕСТІЛЕУДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

26.07.2022
Тестілеу қазіргі уақытта әлемдік тәжірибеде тілді бағалаудың ең ұтымды жүйесіне айналған. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауда да осы жүйе қолданылады. Халықаралық тілдерді білу деңгейін бағалауға арналған үздік жобаларды сараптай келе, бір жүйеге түсіріп әзірлеген «Қазтест» жобасы тестіленушінің мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалауда әзірге баламасы жоқ жоба болып отыр. Аталмыш жүйе бойынша 2022 жылға дейін қазақ тілін меңгеруді анықтау 4 бөлік арқылы жүргізіліп, биылғы жылы бесінші бөлік ретінде Айтылым қосылды. Оның үстіне алдыңғы бөліктердің тапсырмалары қайта қаралып, әсіресе, Оқылым, Тыңдалым бөліктеріне көптеген өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, мәтіннің көлемі, мәтіннің тақырыптық ауқымы, мәтін тапсырмалары т.б.

2022 жылдың ақпан айынан бастап осы өзгерістер есепке алына отырып, республика бойынша барлық өңірде тестілеу жұмысы ұйымдастырылуда. Алайда тестілеудің мазмұны мен құрылымында болып жатқан өзгерістерден тестіленушілер ғана емес, тіл мамандарының өзі хабарсыз деуге болады. Осы орайда жүйені дамытушы басқарма тарапынан реті келіп жатса, орталықтар мен мемлекеттік мекемелердегі тіл мамандары үшін біліктілікті арттыруға арналған онлайн семинар ұйымдастырылғаны дұрыс дер едік.

«Қазтест» жүйесіндегі жаңалықтармен таныстыру мақсатында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы тарапынан биылғы наурыз айынан бастап әдістемелік семинарлар ұйымдастырылып келеді. Өз сұраныстары бойынша өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтары мен ЖОО оқытушылары үшін ұйымдастырылған семинарларда жүйенің жаңалығын таныстыру мақсат етіп қойылған. Жалпы, тестілеуден өтушілер үшін қандай дайындықтар жүргізілуі керек? Еліміздегі тәжірибе бойынша ең бірінші кезекте тестіленуші қазақ тіл курсына қатысып, тіл үйренумен қоса тестілеу жүйесі туралы да ақпарат алады. Әзірге барлық орталықтарда дерлік тілді оқыту Қазтест стандартына негізделгендіктен, курстарда тест бөліктері бойынша ақпарат алу және тест тапсырмасын орындау дағдысын қалыптастыру мүмкіндігі бар. Ал жүйеге өзгерістер енгізілгенін ескерсек, тыңдаушы тілді оқыту курстарында жүз пайыз ақпарат ала алмауы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Тест тапсырудың қазақстандық тәжірибесінде ескерілмей келе жатқан мәселелер де кездеседі. Басқасын айтпағанда, қазақ тілін жоғары деңгейде білетін адамның өзі С1 деңгейінен тест тапсыру барысында бір бөліктен балы жетпей, сертификат ала алмай жатады. Осы орайда қандай оқылықтар кеткеніне талдау жасасақ, бізде қазақ тілін оқыту курсы мен тестілеу жүйесін бір деп қарайтын ұстаным басым. Тест – тестіленушінің белгілі бір тілді білу деңгейін бағалайтын жүйе. Білімді бақылау әрі бағалауды мақсат етіп қойған жүйе болғандықтан, оның өзіне тән талабы бар.

Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, TOEFL, IELTS жүйелері бойынша тестілеу қалай ұйымдастырылатыны белгілі. Ағылшын тілінен тест тапсырушылар үшін дағды қалыптастыруға арналған курстар ескерілген.

Неге десеңіз, ағылшын тілін жақсы білетін адамның өзіне бұл тестті тапсыру үшін дайындық керек. Тестінің өзіндік құрылымы, арнайы логикасы, сұрақтардың ерекшеліктері жетерлік. Сол себепті ағылшын тілін жетік біле тұра, тест тапсыруда сәтсіздіктер де кездесіп қалады.

Әрине, тіл білмейтін адам ең алдымен оқыту курсынан өткені заңды. Алайда В2 және С1 деңгейі бойынша тестіленушілер оқыту курсынан өтпей-ақ, тікелей тест тапсыра беруі мүмкін. Осыған орай республика бойынша тест тапсыру барысында дайындық жұмыстары ескерілгені дұрыс. «Сен қазақша өте жақсы білесің, бар да тест тапсыра бер» деген сыңаржақтылықты қою керек. Жергілікті жерде тест тапсырушылар үшін міндетті түрде қысқамерзімді дайындық курстары ұйымдастырылғаны абзал.

Интернет желісін ақтарып отырғанда бір ғана TOEFL, IELTS жүйелері бойынша тестілеуге дайындалуға көмектесетін ақылы және ақысыз қаншама ресурстың барына көз жеткіздік. Олардың қай-қайсысы болмасын, тест тапсырмалары бойынша жеткілікті базамен қамтамасыз етілген. Осындай мүмкіндіктер болғаннан кейін де ағылшын тілі бойынша емтихан тапсыру барысында тестіленуші дайындық үшін алаңдамайды.

Ал «Қазтест» жүйесіне байланысты күн тәртібінде әлі өткір тұрған мәселелер бар. Әдетте, жекелеген адамдар «Қазтест» бойынша тест тапсырардың алдында дайындық жұмысын жүргізетін ресурстар қорын іздеп, алаңдаушылық білдіріп жатады. Екінші бір мәселе тестіленушіні тест тапсыруға дайындаудың әдістемесіне байланысты. Тест бөліктерімен жұмыс жасаудың қандай тиімді тәсілдері бар? Осы орайда тәжірибе алмасу мақсатында Ресурстық тіл орталығында «IELTS» емтиханы және «ҚАЗТЕСТ»: тест бөліктеріне дайындық барысында шетелдік тәжірибені қолдану мүмкіндігі» тақырыбында әдістемелік отырыс өткізілді. Отырыс жұмысына Англиядағы Бристоль университетінің магистратурасынан өтіп, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеріп, IELTS емтиханы бойынша әдістемелік семинарлар өткізіп жүрген тәжірибелі маман қатысты.

Әдістемелік отырыста ол «IELTS» бойынша өткізілетін емтиханның ерекшелігін, тест бөліктерінің мазмұны мен әр бөлікке қойылатын талаптарды толық түсіндіріп өтті. Одан әрі ағылшын және қазақ тілін білу деңгейін бағалауға арналған тест тапсырмаларының ұқсастығы мен айырмашылығы, жалпы, тестіленушіні тестілеуге дайындауда ескерілуге тиісті мәселелер талқыланды.

Кездесудің түйіні:

  • қазақ тілін оқыту курстары мен тестілеуді бір мәселе ретінде қарастырмау керек;
  • «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеуден өту үшін жан-жақты дайындық болу керек;
  • нәтижеге қол жеткізу үшін «QAZTEST» сайтында немесе ЮТУБ-та онлайн тест тапсырмалары молынан берілуі керек.

Қорыта келгенде, осы мақалада тестілеу жүйесіне байланысты мәселелерді ортаға салуға тырыстық. Енді алдағы уақытта Ресурстық тіл орталығы тарапынан «Қазтест» бойынша дайындық курстарын жүргізу үшін шағын әдістемелік өнім әзірлеу мәселесі қолға алынатын болады.

Жұпар Рысқұлқызы Жақанова,

Қарағанды облысының

тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.м.

Comments (0)
Post a comment