ТҮБІ БІР ТҮРКІ ЕЛІНЕ ОРТАҚ ОҚИҒА

11.08.2022
2022 жылғы 8 тамыз күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, белгілі ғалым Е.Тілешов академик, жазушы З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесінің түрік тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Шарада сөз алған ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтанбек Раев үлкен тебіреніспен толғады: «Бүкіл қырғыз халқының ұлттық мақтанышына айналып отырған атақты «Манас» эпосы Мұхтар Әуезов болмаса, жарық көрмес еді.

Тағдыр айдап, дана Мұхтар жолықпаса, атақты Шыңғыс Айтматов бүгінгі биігінен табылар ма еді, кім біледі. Біз бас иіп, тағзым етеміз».

 

Сонымен бірге Сұлтанбек Әкімұлы жазушының есімі Анкара қаласындағы үлкен бір көшеге берілетінін мәлімдеді. Мұхтар Әуезовтің «шәкірті ғана емес, туған інісі, яки баласы секілді бауырында жүріп, аса ыстық ағалық яки әкелік мейірімін көре қалған» (академиктің өз сөзі) Зейнолла Қабдоловтың ұлы ұстазға деген адал махаббаты ұрпаққа ұлағат болғандай. Осындай пәк сезімнен туған шоқтығы биік талантты шығармамен енді түркі дүниесі танысуға мүмкіндік алып жатыр.

Шараға қатысқандар тарихи-тағылымдық тұрғыдан болсын мейлі, рухани-мәдени құндылығы жағынан сараласа да, жалпы бұл басқосудың түбі бір түркі жұртына ортақ дараланған оқиға екенін бір ауыздан атап өтті.

Comments (0)
Post a comment