АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫНЫҢ РУХАНИ КӨСЕМІ

12.08.2022
Қазіргі қоғамдық санада «Ұлтшылдық» ұғымы жағымсыз реңкке ие болып, ол жөнінде айтыла қалса, ойымыз тіпті нацизмге дейін әлдебір сұрықсыз, тұрпайы құбылысты бейнелейтін деңгейге жеткен. ХХ ғасырда нацизмді басынан кешірген адамзат баласы ұлтшылдықтан үрейленетін дәрежеге жетіп, оны қабылдағысы келмейтіндей сыңай танытуда. Сонымен бірге, посткеңестік жас мемлекеттерде кеңестік идеологияның ұлтшылдыққа таңған ескірген ұғымдары әлі де сақталуда. Дәл осы арада біз Францияны, Германияны, Ресейді, Үндістанды, Иранды тағы да бүгінде қуатты мемлекеттерге айналған елдердің тарихи даму сатысында ұлтшылдық кезеңінен өткендігін, егер ондай кезең болмаса аталған мемлекеттер біртұтас саяси-қоғамдық құрылым бола алмайтындығын не ескергіміз келмейді, не болмаса олар жөнінде білеріміз көп емес. Жоғарыда аталған мемлекеттер сол елдегі барлық ұлттарды мемлекетқұраушы ұлттың төңірегіне топтастыра білді.

Ондай топтастырудың амалдары бірде терең ойламалданған саясатпен, бірде міндеттеумен шешілгені де тарихтан мәлім. Оны Алаш зиялыларының білгендігі Жүсіпбек Аймауытовтың: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері» /1, 193/ дегенінен аңғарылады. Кезінде бәленбай шағын ұлттық бірлестіктерден құрылған Италия мемлекеті жөнінде осы мемлекеттің тұңғыш Премьер-Министрі Камилло Кавурдың: «Біз Италияны жасадық, енді итальяндықтарды жасайық» /2/ дегенінде бірқатар еуропалық мемлекеттердің қалыптасуына тән тезис жатыр. Әлбетте, ХҮІІІ ғасырдан басталып ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан Еуропа мемлекеттерінің ұлттану үдерісінен бері ғасырдан астам уақыт өтті десек те, бұл үдерістің мемлекеттердің қалыптасу дәуірі болғандығын ескергеніміз абзал-ақ. Мемлекеттердің қалыптасуында кейбір жағдайларда олардың дәуіріне қарамастан ұқсастықтар бола береді. Әсіресе, әлгіндей ұқсастықтар саяси, экономикалық ерекшеліктерімен бірге сол мемлекеттердің тілдік тұтастығынан, мәдени бірлігінен аса жарқынырақ байқалады. Тарихтың әлгіндей сабағы бізге де жат емес. Біздің ойымызша, ұлттар мен ұлыстарды сіңіріп жіберген Еуропаның отаршыл мемлекеттеріне қарағанда қазақ ұлты ХІҮ-ХҮ ғасырлардан бастап дербес халық ретінде мейлінше алаңсыз қалыптасты. Оның жарқын мысалы алып қазақ даласындағы дін бірлігі, тіл бірлігі, дәстүр бірлігі. Яғни, біз сонау хандық мемлекет тұсында қазақ екендігімізді қалай сезінсек, осы күнде солай түйсінеміз.

ХХ ғасыр басында тұтас елдік мәселесі қазақ мемлекеттілігіне жету күресіне айналды. Осы күресті ірі қозғалысқа айналдырғандар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлтшыл қайраткерлер екендігі де аян. Қазақ қоғамында ұлтшылдықтың тууы және өрістеуі осы қозғалыспен тікелей байланысты. Түркі дәуірінен басталып хандық дәуірге ұласқан елдік, ХІХ ғасырдағы елдік, халықтық мәселелер ХХ ғасыр басында жаңа мазмұнмен толықты. Ол – ұлттық мазмұн. Сол себепті де біз қазақ ұлтшылдығының тарихын ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі оқиғалармен байланыстырамыз. Осы кезеңге дейінгі қоғамдық ойларға келсек, оларды таза мағынасындағы ұлтшылдық дей алмаймыз. Біріншіден, хандық дәуірдегі жыраулар, би-шешендер шығармаларында айтылған ойлар ұлттың мүддесінен гөрі сол кездегі хандық мемлекеттің, белгілі бір қоныстың, мекеннің мүддесімен немесе ел билеушілердің, белгілі адамның тұлғасымен болмаса жеке адамның қандай болмағы сияқты мәселелермен тікелей байланысты болатын. Айталық, Асан Қайғының:

Ойыл деген ойыңды,

Отын тапсаң, тойынды.

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің,

дегенінде, Ақтамберді жыраудың:

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екеміз?!

Жалаулы найза жанға алып,

Жан қашырар ма екеміз?!

деп айтқанында, сол заманның қоғамдық санасының типтік көріністері бар. Одан берідегі Дулат, Махамбет, Майлықожа, Шортанбай, Әбубәкір, тағы да басқа Абайға дейінгі дәуірдегі әдебиетте хандық дәуірді аңсау, қоныстың тарылуы, адамның моральдық болмысы сияқты мәселелер молынан ұшырасады. Мұндай әлеуметтік консервативті, дидактикалық ойларда жалпы ұлттық мәселелерден гөрі елдің жағдайын сөз ету басымдау. Сондықтан, біз оларды ұлтшылдық идеялар көтерді дей алмаймыз. Орыс отаршылдығының мейлінше асқынған тұсында, Ресей империясының 1824 жылғы, 1867-68 жылдардағы қазақ даласын басқаруға қатысты белгілі құжаттары жүзеге жедел асырыла бастаған заманда өмір сүрген Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай сияқты дәуірдің ірі тұлғалары да ұлтшылдыққа бара қоймады. Әлбетте, бұл олардың кемшілігі емес, замандардың ерекшелігі. Егер Шоқан Уәлихановтың табиғи дарынын ашқан, оның ғылыми ізденістерін қажет еткен орыс қоғамы десек, Ыбырай мен Абайдың отаршылдық саясатқа көзқарастары туралы Мұхтар Әуезов: «Бірақ бұлардың тобы саяси әлеуметтік құрылыста патша үкіметінен қысым көрмейді. Қайта содан сыбаға алып, соның өзіне қоңсы қонған тап. Сондықтан ол тап ақындары төңкерісшіл қарсылық тақырыбы мен төңкерісшіл сарын сияқтының ешбіріне де жоламайды. Қазақ өлкесінің олар кезінде отар боп жатуы да бұлардың сана-сезіміне әсер етпегендей болады» /3, 314/Біздің ойымызша, Мұқаңның осы ойларына қосымша ретінде Алтынсарин мен Абайдың ұлттық мәселелерді өз деңгейінде көтермеуіне сол кездегі қоғамдық құрылыстың тікелей ықпалы тиген. Атап айтқанда, ұлтшылдық атаулының феодалдық-аграрлық кезеңде емес, буржуазиялық капиталистік қатынастар кезінде көрінетіндігінде, осы қоғамдық формацияда өрістейтіндігінде.

Феодалдық-аграрлық кезеңде қоғам біртекті, жүйелі мәдениетке, дәстүрге, қандай да бір саяси күш болуға ұмтыла қоймайды. Ортақ жүйеге ұмтылудың аграрлық қоғам үшін аса қажеті де жоқ. Себебі, аграрлық қоғамда күнделікті өмір, кәсіп жалпы халыққа, ұлтқа емес өзін қоршаған айналаға ғана арналады, соған бейімделеді. Мәселен, мал бақса, өзінің отбасы үшін немесе қожайынының мүддесі үшін жұмыс істейді, егін ексе де солай. Қолөнерші болса, сол ауыл-аймақтың күнделікті ұсақ-түйек қажеттілігін қанағаттандыру үшін ісмерлік етеді. Оқыса да ауыл арасында молдалық қылу үшін білім алады. Абай осындай далалық көзқарастан қара үзіп шықты. Сондықтан да:

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім,

дейді. Яғни, Абай үшін баланың алған білімі ауыл арасындағы ұсақ қызметпен, мансапқұмар шенмен шектелмеуі тиіс. Абай ұғымында білім адамшылық жолы үшін қажет. Ал адамшылық жолы үшін игерілген білім аздың емес, көптің пайдасына қызмет етпек. Абайдың еңбек жөніндегі позициясы да осындай. Абай өзінің көзқарастарында ұлтшылдық тараптан емес, жалпыадамзаттық гуманистік кейіпте көрінеді. Бұл Абайға ислам дінінен, мұсылман өркениетінен келген көзқарас. Абайдың тікелей тәрбиесін алған өмірдегі де, өлеңдегі де інісі Шәкәрім ХХ ғасыр басында ұлтшылдық жөнінде айтыла қалғанда, нақтылап айтсақ, Мәннан Тұрғанбайұлының «Абай» журналында жарық көрген «Ұлтшылдық» мақаласына осы журналдың бетінде «Ұлтшылдық жайлы» деген атпен жауап бергені белгілі. Осы жауабында Шәкәрімнің Мәннан мақаласындағы ұлтшылдық жөніндегі ойларымен қосылмайтындығы байқалады. Бұдан феодалдық-аграрлық кезеңде қалыптасқан ағартушылар ұлтшылдық идеяларына аса бейім еместігі байқалады.

Қазақтың феодалдық иерархиясы ыдырай бастаған кезді көзімен көрген Абай сол ауыл-аймақтың ұсақ тіршілігіне көңілі толмай, алысты меңзеп жалпы халыққа, қазаққа сөз арнаған бірінші ақын. Ендігі жерде Абай кәсіпті де, оқуды да көптің пайдасына жұмсауды үндеді. Сондықтан Абай ғасырлар бойы қалыптасқан феодалдық-аграрлық өмір салтына сыни көзбен қарап, осы заманның қайшылықтарын безбендеп, адам мінезінің философиясына барды. Сол себепті де Мұхтар Әуезов Абай философиясын мінез-құлық философиясы дегені бар. Әлбетте, Абай өзінің осындай дүниеауи көзқарастарында, ілгеріде айтқанымыздай, өзі жақсы игерген, санасына сіңірген ислам қағидаттарын тірек етті. Елдік мәселесінде отаршылдық илеуіне толық түскен елдің кейпін Абай:

Өздеріңді ел болар дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, -

деп күрескерлікпен емес, өзіне тән сыншылдықпен қорытынды жасаса, енді бір тұста:

Көк тұман – алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған, -

дейді. Абайдың қамығуы мен торығуы өз заманынан туған көңілдің күйі. Дегенмен, келер заманда сол Абайдың кемеңгер ойларынан сусындаған білімді де алғыр, ұлтшыл жастар тарих сахнасына шығар еді. Олар отыздан енді асқан Әлихан, Ахмет, жиырмадан енді асқан Міржақып, Мұстафа, тіпті бозбала буын Мұхтар, Қошке, Смағұлдар. Тұтас лек. Тегеурінді топ. Әрекетшіл шоғыр.

Аграрлық қоғамда ұлтшылдық байқалмайды, байқала қалғанның өзінде айтарлықтай бедерлі де белсенді де емес. Бұл кезде ұлт, халық жөнінде айтылғандарды ұлттық идеялар деп емес, халықшылдық көңіл-күй деп бағалаған абзал. Әлем тарихы аңғартып отырғандай, ұлтшылдық, жалпы алғанда, аграрлық кезеңнің емес, буржуазиялық қоғамның жемісі. Буржуазиялық қоғамның экономикалық қатынастары, атап айтқанда, капиталистік қатынастар мемлекеттің бір жүйе екендігін, ортақ экономикалық һәм рухани-мәдени организм екендігін көрсетіп берді. Осыдан жалпықоғамдық ұжымдасу, бір халықтың өзара ішкі байланыстары, әрекеттесуі күшейді. Қоғамның таптық, нәсілдік қайшылықтары әртүрлі идеологиялық ағымдарды тудырды. Осындай ағымдардың ішіндегі ірілерінің бірі ұлтшылдық болды. Қазақ даласына капиталистік қарым-қатынастардың келе бастағанында қалыптасқан осындай құбылыс жөнінде Мұхтар Әуезов білгірлікпен: «Бесінші жыл төңкерісінің артынан шыққан жаңа үлгідегі ақын-жазушы бұлар тобынан шықпайды. Оларды майданға әкеп шығарған қоғамдық, шаруашылық, саяси күйлердің басқаша боп жаңғырып өзгеруі. Сондықтан олардың өздері де қыр үлгісіндегі қазақ емес, оқыған, еуропаланған, қызмет иесі боп жүрген қала туындысы болады. Олардың байшыл-ұлтшыл оқығандар боп қалыптануларында таптық досы, тұстасы да сол қала туындысы, қала ықпалындағы жергілікті буржуалар болады» /3, 315/ деп жазады. Қазақ ұлтшылдары әдепкіде ұлттың теңдігі мен бостандығын талап ету шарасынан бастап («Қарқаралы құзырхаты») ұлттық мемлекет үлгісін (Қазақ автономиясы) жасауға дейінгі аралықта саяси ұлтшылдықта болса, кеңестік дәуірде большевиктік саясаттың ықпалынан мәдени-рухани ұлтшылдық мазмұнына көшті. 1920 жылдары кеңестік платформадағы жазушылардың Мағжанды және тағы басқаларды ұлтшыл дейтіні осыдан. Қазақ ұлтшылдығының сипаты жөнінде олардың идеологиялық біржақтылығына қарамастан, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы да, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» және «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Байшылдық-ұлтшылдық дәуір» кітаптары да мол ақпарат береді. Бұл арада Ахаңның және тағы да басқа Алаш зиялыларының туған халқы үшін ұлтшыл болғандығынан қорықпауымыз керек, қайта қазақ баласының ішінен ұлтшылдардың шыққанына қуанғанымыз абзал, сөйтіп ел мүддесі жолына риясыз қызмет еткен тұлғаларға тағзым еткеніміз жөн. Біз халқына берілген азаматтарды айыптағандардан, сол заманның шындығын сараламай, ұлттың өмірлік қажеттіліктерін ұғынбай, әлі де ескі сарын, баяғы түсінікпен жүрген, сөйтіп ұлтшылдардан ат-тондарын ала қашатын замандастардан сақтануымыз керек. Өйткені, олар өз халқының тарихи даму жолын оның қажеттіліктерімен, сұраныстарымен терең байланыстыра қарай алмайды. Кешегі қазақтың көп мәселесі бүгінгі қоғамда да өзгеше сипатта, басқаша өңде әлі күнге дейін шешілмей келе жатқандығынан бейхабар немесе бейжай. Ал ұлтшылдық – алдыңғы қатарлы зиялы азаматтардың ұлттың құқығы мен теңдігі ескерілмеген шақта туған халқын сақтап қалуға бағытталған мақсатты күресі мен әрекеті. Ұлтшылдық – сақтану инстинкті. Ұлтшылдық – ұлттың өмір сүру иммунитетін қалыптастыратын қадам. Сол себепті қазақтың кешегі тарихын ескермей, бүгінгі қазақтың ұлт ретінде өзінің даму жолы болатындығымен санаспай, оны жаһандану дәуіріндегі батыстық модельдің бір бөлшегіндей немесе сол әлемдік дамудағы маңызы болмашы тетіктей қарап, әйтеуір, ана деңгейге жетсек, мына деңгейді бағындырсақ дей берудің бар уақытта да дұрыс бола бермейтіндігін ұмытпағанымыз жөн. Бүкіл әлемге, кеше өзіне бағынған халықтарға әлі күнге дейін империялық көзқараспен қарайтын Еуропа, орыс тарихшыларының, саясаттанушыларының немесе басқа да жазармандарының ұлтшылдықтан үркітуінің ықпалына енудің, тарихи даму жолы басқа біздер үшін оларды басшылыққа алудың қажеті шамалы. Батыстық өктем саясат үшін жас мемлекеттердің тым мемлекетшіл, ұлтшыл болуының қажет шамалы. Болып толған ел кезінде бола алмаған, енді болғысы келетін елді түсіне алмайды. «Тоқ бала аш баламен ойнамайдының...» кері. Сондықтан сол Еуропаңыздағы бүгінгі мықты мемлекеттердің саяси, әскери, мәдени қуатын жасаған ұлтшылдықтың үлгісі немесе Ресей империясының күшті идеологиясы болған орыс ұлтшылдығының қандай тарихи маңызы, өзінен кейінгі дәуірлерге қаншалықты ықпалы болса, қазақ ұлтшылдығының да сондай әсері де, дәстүрі де болмағы қажет. Қандай мемлекет болсын сол елге атау берген ұлттың төңірегіне топтаспағы жөн. Мұндай топтасу әртарапты болуы мүмкін, бірақ ұжымдаспай, туыстаспай болмайды. Қазақстан да осындай болуға тиісті табиғи үдерістен шет қала алмайды. Бұл ұлт өмір сүруінің, мемлекет қалыптасуының, сөйтіп әлемдік қауымдастықтан өзінің дара келбетімен лайықты орын алуының табиғи да берік кепілі. Әлем біртектілігімен емес, көпбояулы болуымен анағұрлым қызғылықты. Жаратқан иеміз бізді әр ұлттың, әр діннің, әр тілдің өкілі етіпті. Ендеше, әрқайсысымыз табиғи тумысымызға, шынайы болмысымызға сай болмағымыз шарт.

Әлемдік тарих тәжірибесі мемлекеттілік идеясымен бірге ұлтшылдық идеясының да туатындығын көрсетті. Бұл идеяны тудырғандар сол мемлекетті құрушы ұлттың озық ойлы өкілдері болды. Сондай-ақ, бұдан өзге де ұлтшылдық типі пайда болды. Ол тарих талайымен өзге мемлекет құрамына еніп қалған, сөйтіп отарлық езгіні басынан өткеріп, дербес мемлекеттілікке, тәуелсіздікке жете алмай отырған ұлттардың ұлтшылдығы болатын. Яғни, барша дүниеде ұлтшылдықтың негізгі әлгіндей екі типі бар. Бірі – ұлттық астамшылдықпен байланысты империялық ұлтшылдық. Екіншісі – өзінің саяси, рухани тәуелсіздігіне ұмтылған табиғи ұлтшылдық. Ал түрлері бұдан да көп. Мәселен, азаматтық ұлшылдық, саяси ұлтшылдық, әлеуметтік ұлтшылдық, таптық ұлтшылдық, табиғи ұлтшылдық, астамшыл ұлтшылдық, мәдени ұлтшылдық, т.б.

Қазақ тарихындағы ұлтшылдықтың қайнар бастауында Алаш қозғалысы қайраткерлері тұрды дедік. Осы саяси-рухани құбылыстың тууында Ахаңның өз тұлғасының да, шығармашылығының да, күресінің де орны ерекше екендігі айтылған, айтыла беретін ақиқат. Ахмет Байтұрсынұлының осы қайраткерлік ғұмырының өнегесі, шығармашылығының тағылымы бүгінгі қазақ баласына да шарапатын тигізбек. Саясат майданындағы қайраты да, қаламынан туған еңбектері де – Ахаңның ұлтына деген зор махаббатының көрінісі. Қазаққа деген осы ұлы құштарлық оны нағыз ұлтшыл етті. Халқына қам, еліне ем болған мұндай ұлтшылдық зор құрметке де, көрнекті үлгіге де лайық. Өйткені Ахаңның ұлтшылдығы – қазақ болып қалуға, қазақтың басын қосуға, қазақ болып өркендеуге, қазақтың мәдениет басқышына көтерілуіне, қазақтың дербес мемлекетін қалыптастыруға негізделген табиғи ұлтшылдық болатын. Осы ұлтшылдық барша қазақты оятты, намысын қайрап елдікке шақырды. Ахаң бастаған зиялылардың біріге алатындығын, азаттық жолында күресе алатындығын Алаш қозғалысы паш етті. Дегенмен, Алаш қозғалысы тудырған ұлтшылдық дәуірі ол қазақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған орасан қуаттың жемісі болатын. Орыс отаршылдығына қарсы бағытталған әскери, мәдени күрес Ахаңдар заманында саяси күреске арналды. Алаш қайраткерлері қазақтың ұлттық мемлекеті орнатылмайынша, ұлттың мәселесі толық әрі түпкілікті шешілмейтіндігін терең түйсінді. Қазақтың азаттығын алып, құқығын шектеген Ресей отаршылдығы қазақ ұлтшылдығының қалыптасуына кең жол ашты. Міржақып Дулатовтың: «Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді» /4/ дегеніндей, қазақ ұлтшылдарын туғызған отаршыл үкіметтің зорлықшыл тәртібі, үрейлі саясаты. Бұл саясатпен күресудің Кенесарылар бастаған қарулы жорықтары да, ағартушылар ұстанған насихатшылдығы да жеңіске жеткізбесін түсінген Алаш зиялылары жаңа жолды таңдады. Сондықтан, отаршылдық қамытынан тек күреспен ғана арылуға болатындығын ұғынған қазақ ұлтшылдары күрестің амалдары мен мақсатын айқындады. Біздің ойымызша, мұндай амал екеу еді. Біріншіден, отаршыл үкіметтен халықтың құқығы мен теңдігін талап ету, оған қол жеткізу. Бұл – саяси жол. Екіншіден, халыққа өзінің құқығы мен бостандығын білдіру, санасына сіңіру еді. Бұл – рухани-ағартушылық жол. Алаш қайраткерлерінің күресін қарағанда олардың баршасы осы екі жолмен жүргендерін аңғарамыз. Саяси жол 1905 жылы басталса, рухани-ағартушылық жолдың басы демесек те, бедерлі белесі ретінде «Қырық мысал», «Оян, қазақ!» жарық көрген 1909 жылды атаймыз. Міне, осы кезеңнен бастап Алаш қайраткерлері қалыптастырған Ұлы ұлтшылдық дәуірі басталып, бұдан соңғы саяси һәм рухани күрестерге ұласты. Бұл күрестің үлкен қорытындысы – 1917 жылғы «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы, ең басты нәтижесі Алаш автономиясының жариялануы еді. Кеңестік диктатура Алаш автономиясын мойындамай, зорлықпен таратқанымен Алаш мұраттарына берілген Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, тағы да қаншама абзал азаматтар өздерінің ұлтшыл платформаларында қалды. Оны жалаң интернационализм таңылып жатқан кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында жазылған «Қазақ қалам қайраткерлері жайынан» атты еңбегінде: «Қазақ баласын ұлтым, жұртым, бауырым деп үйреніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері октябрь өзгерісі болғанда бірден интернационал (бибауырмал) болып өзгере алмады, өзгелердей «алымсақтан бері» коммунист, интернационалист елім деп айтуға аузы бара алмады» /5, 277/ деп жазғаны дәлел. Осы Ұлы ұлтшылдық дәуірінің мәдени-рухани дәстүрінің дәні қазақ топырағына мықтап егіліп, ол кейін кеңес дәуірінде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Ілияс Есерберлин, Мұхтар Мағауин, тағы да қаншама лек қазақ қаламгерлері мен ғалымдарына ықпал етті. Ахаң түрлеген ана тіліміздің табиғатын тануда оның ғылыми мектебі қалыптасты. Ол мектептен бүкіл қазақ тіл білімі тәлім алды деуге болады. Сондай-ақ, Міржақып Дулатовтың, Халел Досмұхамедұлының, Мұхамеджан Тынышбаевтың, Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының еңбектері де кейінгі қазақ ғылым-біліміне өлшеусіз ықпал жасады. Ал қазақ ұлтшылдарының саяси күресі, ұлтқа деген риясыз адалдығы мен берілгендігі бүгінгі азат елдің ұрпақтарына тағылым мектебі боларлық. Әрбір ұлт өзінің ұлы адамдарымен, үлкен оқиғаларымен, ірі кезеңдерімен мақтана алады. Біз сан ғасырлық қазақ тарихына көз салғанда өзге де айбынды кезеңдерімізбен бірге Алаш дәуірімен мақтана аламыз. Өйткені, қазақ ұлтшылдары жасаған Алаш дәуірі – қазақ баласының бойындағы күрескерлік күшті, рухани қуатты, бостандыққа деген сенімді паш еткен, ең бастысы ұлттың азаттығына ұмтылған ұлы кезең.

Алаш қайраткерлері жасаған Ұлы ұлтшылдық дәуірде өзге ұлттан кек алу, өзге халықты тұқырту немесе мұқату әрекеттері болған емес. Қазақ ұлтшылдары туған халқының теңдігі мен бостандығы үшін күресті. Ахаңдар ешқашан қазақтың өзгеден артықшылығын, ерекше болуын насихаттаған да емес, өзгелерге үстемдік етуді де мақсат етпеген. Ұлт көсемінің бір де бір еңбегінде қазақ халқы орыстан, я болмаса татардан, басқадан артық демейді. Ол қазақтың «қалпын» да, «салтын» да сынмен бағалап, халқын білімге, мәдениетке үндейді. Білімге, мәдениетке үндеу Ахаңда және басқа да алаштық қайраткерлерде ХІХ ғасырдың ағартушыларынан өзгерек сипатта. Өйткені Ахаң қазақты өзгелермен білім мен мәдениет теңестіретінін, олардың ұлттың қаруы мен қорғаны екендігін жақсы сезінген. Содан соң да ол: «Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат. 200 миллион үнді халқын 50 миллион ағылшын жем қылып отырғаны, 500 миллион Қытайды өзінен он есе аз жұрттар әжуалап отырғаны – адам баласының теңдігі-кемдігі мәдениетіне қарай екендігін ыспаттайды» /5, 279/ деп жазды. Отаршыл саясаттың жетегіндегі қазаққа еркіндік болмай, азаттық берілмей оның халін түзеу мүмкін еместігін терең түсінді. Сондықтан, Ахаңдар тобы бұрынғыша ағартушылық деңгейде қала алмады да бостандық ұрандарын жариялап, саяси күреске шықты. Ұлттың құқығы мен теңдігін отаршыл үкімет өз еріктерімен бермейтін де еді, бермек түгілі, жылдан жылға қазақ даласына келімсектерді төгіп, бекіністерін көбейтіп, кең сахараның тынысын тарылта бастаған. Міне, осындай жағдайда жаппай билігін орната бастаған империя саясатына қарсылық жасау керек болды. Солардың алғашқы қадамы «Қарқаралы құзырхаты» болғандығын айттық. Мұндай талаптың орындалмайтындығын ұғынған қазақ ұлтшылдары ең алдымен қазақтың өз санасын көтеру керек екендігін, намысын ояту қажеттігін ұғынды. «Қырық мысал» да, «Маса» да осының айғағы. Сөйтіп, қайраткер Ахаң, ұстаз Ахаң ақындыққа барды. Болмысынан қызуқандылықтан гөрі сабырлы, төзімді, ақыл мен қайраттың адамы Ахаң поэзияны өлең-жырға әуес келетін қазақтың табиғатына жақын болғандықтан әдейі жазды. Болмаса, ол кісінің ақындығы Абайдай терең, Мағжандай көркем емес.Табиғатынан ақын еместігін, әйтеуір, қазаққа өлең-сөз татымды болғандықтан, насихат сөздерін ұйқас пен ырғаққа құрғандығын өзі де ескерткен болатын.

Кең сахараны, тұтас ұлтты ояту үшін газет керек еді. Ахмет Байтұрсынұлы бас болып, Алаш қаламгерлері бірнеше жыл әрекет етіп, әйтеуір 1913 жылы Орынборда «Ұлт» газетін дүниеге келтірді. Газеттің бағыты жөнінде сол заманның куәгері Мұхтар Әуезов: «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді» /6, 350/ деп жазғаны мәлім. «Қазақ» газеті қазақ зиялыларының басын қосып, саяси күреске үндеуде ұлы миссияны орындады. Әсіресе, Ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде облыстық, уездік қазақ сиездерін ұйымдастыруда, қазақ комитеттерін ашуда, Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездерін өткізуде осы шынайы ұлт басылымының орны да, рөлі де айрықша болды. «Қазақпен» бірге «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттерінде ұлт зиялыларының мәдени-ағартушылық ұлтшылдығы басымырақ байқалды. 1917 жылғы Ақпан көтерілісінен кейін осы мәдени-ағартушылық күрес, негізінен алғанда, саяси күреске айналды.

ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының еңбегінің арқасында қазақ халқы өзін тұтас ұлт ретінде бұрынғыдан да қатты сезінді. Мұндай өзін-өзі тану кезеңі Еуропада ХҮІІІ ғасырда және ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде қатты жүргенін ілгеріде айтқан болатынбыз. Батыс елдеріндегі ұлтшылдық пен қазақ ұлтшылдығының айырмасы уақыттық жағынан да, саяси типі жағынан да, күресу амалдары жағынан да аса үлкен. Батыс ғалымдары өз елдеріндегі ұлтшылдықтың формасына қарап, жалпы ұлтшылдық құбылысына баға беріп келеді. Ондай еуропалық ғалымдардың ұлтшылдық жөніндегі түсініктерін, ғылыми тұжырымдарын, қағидаттарын жалпы әдіснамасын біз қабылдай алмаймыз. Олардың мысалы Германиядағы, Франциядағы немесе Англиядағы ұлтшылдық типтері. Әлбетте, осы елдердегі ұлтшылдық ол француздың, немістің, ағылшынның үстемдігін насихаттау, Азия, Африка, Латын Америкасы халықтарын мәдени өресін төмен санау. Міне, осы ұлтшылдықты кешелі, бүгінгі философтар, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар, тарихшылар мен қоғамтанушылар сынап жатады. Бұл – дұрыс, себебі еуропалықтардың әлгі ұлтшылдығы ол астамшылдық ұлтшылдық. Еуропалық ұлтшылдыққа берілген мұндай баға қазақ ұлтшылдығының табиғатына мүлдем келмейді. Себебі, қазақ ұлтшылдығы ол астамшылдық, әсіре, радикалды ұлтшылдық емес, қазақты ұлт ретінде сақтап қалуды мұрат еткен, қайрат қылған табиғи ұлтшылдық. Басыну, асқыну емес, амалдау қадамы. Ал Ахаңдар ұлтшылдығының мақсатында еңсесі түскен ұлтты өзгелерге теңеу, «айдауға түскен жанын, талауға түскен малын» қайтару талабы жатты. Ең бастысы Ахаңдар ұлтшылдықты халықты ұйыстыруға, өзінің абыройын білуге пайдаланды. Сондықтан, ол кездегі қазақ ұлтшылдығы ешқандай саяси доктрина емес немесе ұлттық астамшылық емес, тәуелділіктегі ұлтының жағдайын көтеру, оны бостандыққа жеткізу мұраты болатын. Қазақ ұлтшылдығының пайда болуы жөнінде Ахаң: «Қазақ қалам қайраткерлері қайдан туған, қашан шыққан деп сұрау қойылса, жауап қиын емес. 1. Қазақ қалам қайраткерлері орыстың қорлық көрген, таяқ жеген, орыс табанында езілген жұрттан туған; 2. Қазақ қалам қайраткерлері қазақ басына қиын-қыстау зар заман түсіп, үстін торлап, қайғы бұлты қаптаған шақта шыққан. Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болмаса, онда табиғат заңынан тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сияқты болып шығады» /5, 277/ деп ұғындырған. Қазақтан туып қазақтың тағдырына жаны ашу табиғи іс, әрбірден соң сауапты шаруа. Әрбір ұлттың мінезі, дәстүрі, тілі, мәдениеті, дүниетанымы бір, ортақ десек, онда әр ұлттың сол әуелгі жаратылыстан берілген ұлттық ерекшелігіне сай болмағы және оны қаламағы табиғи қажеттілік. Жаратқан Алламыз әу баста бізді әйтеуір бір ұлттың ұрпағы етіп бар қылған соң сол ұлттың тілінде сөйлеп, төңіректі танып, тіршілік етсек жаратылысымызға сай болғанымыз. Яғни ұлтты сүю дегеніміз – сол ұлтқа тән игі қасиеттерді, ізгі мінездерді ойға тоқып, бойға дарытып, қолыңнан келгенше бір шаруасына жарау десек, Ахаң бастаған ұлтшылдар шоғыры отаршыл үкіметтің тосқауылы мен тыйымына қарамай жігерлерін жанып, күштерін сарқып ұлтқа қызмет етті де, бүгінгі біз үшін де, болашақ ұрпақ үшін де ұлтты сүюдің де, ұлт үшін күюдің де үлгісін көрсетті. Сол ұлттан туып, сол ұлтты сүймеу, сол халықтың өзгелерден көрген жәбірін біліп, жүрек сыздамау, бас ауырмау мүмкін бе, әлбетте, есі дұрыс, санасы түзу адам үшін мүмкін емес! «Адамдық диқаншысы» деп жыр жазған, тұтас халыққа сауат аштырған ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлтшылдығын радикалды ұлтшылдық деп ешкім де айта алмас. Есесі кеткен, еңсесі түскен халыққа жалпы адамзаттың жағдайын ойла деген утопиялық ұсынысты ешкім де таңа алмас. Өзін жарылқай алмай отырған жұрт, өзгеге не деп бауырмалдық танытсын. Бұл жөнінде Мәннан Тұрғанбайұлы: «Қазақ қатарға кіріп жұрт болсын деген кісі тәрбиенің жолынан айрылмасқа керек, әуелі қазаққа өзінің кім екенін, адамшылық құқығын білдіруге, онан соң Отанын танытып, жақсы көргізуге, сонан соң дүниедегі барлық адам баласы бауыр екенін білдіріп, көпшіл адамды сүйгіш қылуға тырысу керек» /7, 58/ деп, қазақтың алдымен кім болмағын дәл айтқан.

Ұлтшылдықтың негізгі мақсаты – ұлттың азаттығы. Алаш қайраткерлері сол үшін күресті. Олар жетпеген азаттыққа біз жеттік. Дегенмен, ұлт азаттық алғанда оның барлық мәселесі шешіле қоймайды. Сөйтіп, тәуелсіздік алғаннан кейін де ұлтшылдық жалғасады. Бұл ұлтшылдықтың негізгі мақсаты – мемлекетқұраушы ұлттың кешегі отаршылдық психологиядан арылуы, ұзақ уақыт отаршылдық заманында жоғалтып алған немесе көмескіленген ұлттық сананы жаңғырту. Бүгінгі сөзбен айтсақ, мемлекеттік ұлтшылдық, оны жұмсартыңқырап батыстық ыңғаймен мемлекетшілдік деп жүрміз. Тәуелсіздік алғалы жиырма жыл уақыт ішінде ұлт зиялылары көтеріп келе жатқан тіл мәселесі қазіргі кезде ұлттық сананы қалыптастырудың негізгі мәселесіне айналуда, сондықтан бұған ресми билік бүгінгіден де белсене кіріскені жөн деген ойлар айтылып жүр. Қазіргі кезде қазақ зиялыларының ұлттық мәселелерді батыл көтеруіне мынадай нәрселер себеп болуда.

Біріншіден, әлі күнге дейін халық санасының кешегі отаршылдық зардаптарынан арыла алмай жатуы; екіншіден, тіл мәселесінің толық шешілмеуі; үшіншіден, жаһанданумен бірге келіп жатқан жат жұрттықтар ықпалының күшеюі. Сондықтан қазіргі кезде қоғамда азаматтық ұлтшылдық, этникалық ұлтшылдық, мәдени ұлтшылдық көріністері бола бермек. Өйткені, ұлт мәселесі егемендік тұсында толық әрі қарқынды шешілмеуі – мемлекетқұраушы ұлттың өз мемлекетінің тағдырына алаңдаған мемлекеттік ұлтшылдығының өркендеуіне кеңінен жол ашуда.

Бүгінгі ұлтшылдықта саяси реңктен, саяси ұрандардан гөрі қазақ халқының тілінің, мәдениетінің, дәстүрінің өз елінде салтанат құрса деген азаматтық, моральдық құқы жатыр. Ұлттық мәселе көтеріп жүрген зиялылар қазақ халқының әлдебір басқа халыққа үстемдігі жөнінде емес, қазақ ұлтының осы елдің, жердің иесі ретіндегі құқының дұрыс шешілгенін қалайды. Сондықтан, бүгінгі ұлтшылдыққа саяси емес, рухани-моральдық мазмұн тән. Ол қазақтың тілдік, діни мәдени бірлікке ұмтылысынан байқалады. Яғни, қазақ дербес ұлт ретінде өзінің бірегейлігін өз елінде сақтауға ұмтылса, оның қандай әбестігі бар.

Бүгін ұлт ретінде топтасудың да, бірлесудің де арқауы мен діңгегі – ана тіліміз, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ендеше, біздің ойымызша, қоғамның саяси, экономикалық жаңғыруына ілесе алмай отырған қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жөнінде өзін «қазақпын» деп санайтын әрбір азаматтың алаңдауы табиғи құбылыс. Мұндай азаматтардың қатары көбейген сайын ұлт та, мемлекет те күшеймек.

 

Ербол ТІЛЕШОВ,

 

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Comments (0)
Post a comment