ҒИБРАТТЫ ҒАЛЫМ РУХЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

19.08.2022

2022 жылғы 15 тамыз күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Е.Тілешов тұғырлы тұлға, ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің туғанына 95 жыл толуына арналған келелі бас қосуға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Халқымыздың асып туған ардақты перзенті, көзінің тірісінде абыз ақсақалы атанған ғалым туралы тебіренбей сөйлеу мүмкін еместей.

Дәулеткерей Кәпұлы жүргізген мағыналы кешке жиылған ұлт зиялылары, ғалымның ізбасар шәкірттері оның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін жан-жақты айтып өтті.

«Балалық шағымда әкеме ілесіп, жайлауға бардым. Үлкендер өз алдына бөлек әңгіме-дүкен құрып отыр да, біз балалар жағы бөлек киіз үйде өздеріміз оңаша қалдық. Бір үлкендеу қыз шам жарығының түбіне кітабын жақындатып қойып, басын алмастан оқып отыр. Әлсін-әлсін шешесі дауыстап шақырған сайын, әлгі әдемі қыз қабағын әнтек шытып, кітабын жерге қояды да, шаруамен тұрып кетеді. Шамның жарығы кітаптың мұқабасына тура түсіп тұр. Шыдай алмай, тұрып барып оқыдым. «Сәкен Сейфуллин» деген жазуы бар орысша кітап екен. Тұрсынбек ағаның атымен алғаш рет осылай таныстым. Үйге оралған бетте әлгі кітапты тауып алып оқығаным бар»,– деп есіне алды Ербол Ердембекұлы.

«Өлі риза болмай, тірі байымас» демекші, соңғы демі таусылғанша ұлтын құлай сүйіп өткен, Тәуелсіз Қазақстанға қаламымен қызмет жасаған ғибратты ғұмыр иесінің туған күніне арналған шараның ұрпақ тәрбиесіне қосар маңызы зор.

Comments (0)
Post a comment