ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

19.08.2022

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жайлы өзі сүйген ұлттың сөзі айтылды. Бірақ сонда да аз секілді, қазақ үшін күрескен тауанды тұлғаның тереңіне кім бойлапты. Жақында Нұр-Сұлтан қаласының мем­лекеттік архивінен қайрат­кердің құжаттарын көзіміз шалып қалды. Алаштың арманы үшін алып империямен алысқан қазақ баласының жүрек сөзі жазылған қолжазбалар ерен ерді еске түсіреді. Астаналық архивтің 430-қо­рында, яки шетел мұрағаттарынан табылған құжаттардың ішінде 1915 жылы «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының қазақтардан жерді тартып алу, халықтың кедейленуіне әкелген билік реформалары туралы ма­қалалар жариялағаны үшін тұт­қынға алынғаны туралы мәліметтер бар. Бұл шежірелі деректерге назар салсаңыз, қара халықтың мұң-мұқтажы айтылып қана қоймай, кеңес идеологиясының құрбаны болғаны суреттеледі.

Мәселен, «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №91 санындағы «Бұл нені білдіреді?» деген мақа­ласында 1913 жылы Орал облысы Чедырта болысының қазақтары жанайқайын жеткізеді. Қаратаев ауылындағы жер учаскелеріне қоныстанған қазақ отбасыларының 5-еуіне ғана жер бұйырып, қал­ғандары қол қусырып қалған. Мал­мен жан баққан халықтың отырық­шылыққа күштеп әкелген биліктің бұл әрекеті нағыз басбұзарлық іс екенін ашық жазады. Әрине ол заманда мұндай көзсіз ерлікке бару ажалмен бет-бет келумен бірдей еді.

«Қазақтарға бөлінген жер телімдері шаруаларға беріледі» деген хат алдық. 1910 жылы Ба­қытжан басқарған Жәмбейіт және Шевдария қазақтарына учаскелер бөлінгенде, газеттер оларға ең жақсы жер берілгенін жарыса жазды. Егер ол жер шыны­мен жақсы болса және басқа қо­ныс­танушыларға қарағанда басымдықпен бөлінген болса, онда қазақтардың басым бөлігі неге ауылды тастап кетті? Сол қалған бес отбасынан басқасы қайда жүр? Бұл туралы газет редакциясына ақпарат бере алатын адам бар ма?» деген сауал жолдайды. Бұл үлкен мәселені алдымен «Қазақ» басылымы алдыға қойып, Орынбор губерниясының шенеуніктерінен түсініктеме аламыз деп үміттенген.

Әйтсе де билік мұндай сұрақ­тарды «арандатушылық» деп танып, Ахмет Байтұрсынұлын мем­лекетке қарсы өсек таратып, мемлекетішілік араздықты қоз­дырғысы келді деп айыптады. Осыған орай Орынбор губерниясы бас қолбасшысының Ахмет Байтұрсынұлын жауапқа тарту туралы 1915 жылғы 13 нау­рыздағы №1481 жарлығы шыққан. Онда екі аптаға қамауға алу немесе 50 рубль мөлшерінде айыппұл салыну керектігі туралы жазылған. Қала архивіндегі тарихи құжаттар осылай сөйлейді.

Басқа да маңызды құжаттарда 1916 жылғы Орынбор губерниялық жандармерия басқармасының бұрынғы құпия істері сақталған. Анығына жүгінсек, Ахмет Бай­тұрсынұлын полициялық бақылау және саяси көзқарасы үшін қудалау туралы хабарлар бар.

«Мәселен», деп бастайды Орын­бор губерниялық жандармерия басқармасының бастығы өз баяндамасында, «1905 жылдан бастап Байтұрсынұлы өз пә­терінде де, ауыл мектептеріне де қазақтардың басын қосып, кез келген жағдайда шаруа позициясына өтпеуге шақырды, сондай-ақ олардың асығыс әрекеттеріне қарсы болды. Ойланбай істегендер опық жейтінін айтты. Халықтың отырықшы өмір салтына асығыс, ойластырылмай көшіп жатқанын тілге тиек етті. Болыстық губер­наторларға берешекті (салық қарызын) қайтару мүмкін емес деген оймен шабыттандырды. Өйткені ол кезде қазақ халқының қаржылық жағдайы төмен болды. Орыс шаруаларының мұндай миллиондаған қарыздары бол­ға­нымен, олар оны өндірмейді деген күмән тастады», делінген баяндамада.

«Қазақ» газетінің редакторы, Торғай облысы Тұрсын болы­сының 5-аулының тумасы Ахмет Байтұрсынұлы Ережеге сәйкес тергеуге алынғаны жандармерия құжаттарында айтылады. 1909 жылы қазақтар арасында құқыққа қарсы үгіт-насихат жасады деген айыппен қорғау туралы ереже (1881 жылғы 14 тамыздағы «Мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық тыныштықты қорғау шаралары туралы ереже») тәртібінде анық­тауға тартылған. Сол кезде, Ахмет Байтұрсынұлы тұтқындалып, оның қамау мерзімі шенеуніктік озбырлыққа байланысты белгісіз болып шықты. Яғни ақын түрмеде ұсталды, бірақ оның ісі бойынша шешім қабылданбады.

Ахмет Байтұрсынұлының бос­тандыққа шығуына ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының тікелей қатысы болған. Ол өзінің таныс­тары – ІІІ Мемлекеттік Думаның депутаттары Николай Скалозубов пен Николай Некрасовқа Ахмет Байтұрсынұлының ісіне араласу туралы өтінішпен жүгінеді. Осы­лайша Алаш автономиясының үкімет басшысы Әлихан Бөкей­ханов 1909 жылы 17 қа­рашада Николай Скалозубов, одан кейін Николай Некрасов Ішкі істер министрінің орынбасары Кур­ловқа Ахмет Байтұрсынұлының тағдыры туралы жазба жолдайды.

Одан бөлек, ғалымды толық ақтап алу үшін кадет партиясының баспа органы – «Речь» газетінің 1909 жылғы 19 қарашадағы санына «Қазақ (түпнұсқада – «Қырғыз») халық ақыны түрмеде» деген шулы тақырыппен мақала жариялады. Оның мазмұнына үңілсеңіз, «Семей түрмесінде бес айдан бері Ахмет Байтұрсынұлы жатыр, ол – дарынды қазақ ақыны, Ғылым Академиясында басылған «Қырық мысал» еңбегінің авторы. Осы өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде мерзімсіз бас бостандығынан айы­рудан босатылды» делінген.

Осыдан кейін Ішкі істер министр­інің бұйрығымен 1910 жылдың 10 наурызынан бастап екі жыл бойына Дала өлкесінде, Жетісу, Торғай облыстарында тұруға тыйым салынды. Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылдан 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін Орынборда тұрып, жұмыс істеуге мәжбүр болды, өйткені оның үстінен полиция ба­қылауы ресми түрде орнатылған еді.

Міне, архив құжаттары Алаш қозғалысының көсемі, қазақ хал­қының азаттығы үшін күрескен Ахмет Байтұрсынұлының өмірінің қысқа, бірақ өте маңызды кезеңін көр­сетеді. Ұлт ұстазының өлшеусіз еңбегі ешқашанда ұмытылмайды. Әлі де ұлт ішін істеген жарқын іс­тері жазыла да, айтыла да бермек.

 

https://egemen.kz/article/320935-ult-ustazynynh-ul...

Comments (0)
Post a comment