ПРЕЗИДЕНТ ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА ҚАТЫСАДЫ

30.08.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің алдын ала бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, 5 қыркүйек күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан ресми іс-шараларға қатысады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Facebook парақшасында жазды.

ЮНЕСКО аясында 150 жылдық мерейтойы дүние жүзінде аталып өтіп жатқан ұлтына ұйтқы, халқына қалқан бола білген бірегей тұлға, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының есімін оқырманға таныстырып жатудың өзі артық.

Мемлекет басшысының тарихи қадамы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұжымы үшін Жаңа Қазақстанның жақсы істерінің жаршысындай әсер қалдырды.

«Президентіміздің сындарлы сапары жыл басынан бергі халықаралық деңгейде, республика көлемінде атқарылып жатқан шоқтығы биік іс-шараларды жаңа мазмұнмен байытады, өзгеше бір салтанатты серпін туғызады, – деді Орталықтың Бас директоры Ербол Тілешов. – Ахаңның жаңа алфавиті мен жаңа әліппесі – тіліміздің таза сақталуына мүмкіндік туғызған, әлемдік мәдениетпен араласа түсу жолын жеңілдеткен, біздің мәдени өркендеуімізге зор пайдасын тигізген айрықша құбылыс еді. Мемлекет басшысының ұлт ұстазына арнайы құрмет көрсетпекке бел буғаны: бұл қоғам мен тіл ғалымдары тарапынан сол өлшеусіз еңбекке берілген бүкілхалықтық махаббат секілді қабылданып жатыр, өркен жаяр өнеге болып табылады».

Тіл майданына жүрген қызметкерлердің бұл сапардан күтері көп.

Алдымыздағы қыркүйек айының алғашқы аптасын асыға тосып жүр.

 
Comments (0)
Post a comment