«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының БАСПАСӨЗ АНОНСЫ

01.09.2022

2022 жылғы 5 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының салтанатты марапаттау рәсімін өткізеді.     

Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын БАҚ-та насихаттау, тілді насихаттаудың, үйретудің және заманауи технологияларды қолданудың тиімді тәсілдерін тарату, тіл тақырыбында жазып жүрген журналистерді ынталандыру.   

Конкурс үш номинациядан тұрады:

1) «Үздік мақала»;

2) «Үздік теле және радиобағдарлама»;

3) «Үздік сайт мақаласы».

Конкурсқа кәсіби журналистер (штаттағы және штаттан тыс), теле-радио, газет, сайт ұжымдары, журналистика және филология факультеттерінің ғалымдары қатысты.

Қатысушылардан еліміздегі және шетелдердегі ақпараттық кеңістіктегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған қазақ тілін дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту, сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының тілтану, әдебиеттану салаларын дамыту жөніндегі ғылыми, шығармашылық мұрасының қазіргі қазақ тілтану, әдебиеттану салаларымен сабақтастығы жөніндегі материалдар  қабылданды.

Биылғы сайысқа 75 үміткерден 153 материал келіп түсті. 

Конкурсқа ұсынылған еңбектерге есімдері елімізге кеңінен танымал тіл ғалымдары мен журналистер қазылық етіп, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады. Байқаудың қорытындысында  «Үздік мақала», «Үздік теле және радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша озық деп танылғандар марапатталады.   

Бас жүлде иегері 1 000 000 теңгеге ие болады. 

Шараға зиялы қауым және БАҚ өкілдері, байқаудың жеңімпаздары мен  өнер адамдары қатысады. 

 

Басталуы: Сағ.16.00.

Өтетін орны: Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы 50,

Қазақ ұлттық өнер университеті «Шабыт» шығармашылық сарайы

 

Байланыс телефоны: 8 (7172) 27-71-33,

                                        8-705-150-49-94

Comments (0)
Post a comment