ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

05.09.2022

2022 жылғы 5 қыркүйек күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Е.Тілешов ҚР Ғылым және білім министрлігі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, Халықаралық Түркі Академиясы мен А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицей ұйымдастырған «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Жаңа Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты.

Конференцияны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құттықтау сөз сөйлеп ашты.

Бұл бас қосудың мақсаты Жаңа Қазақстанның мемлекетшіл-идеологиялық, ғылыми-интеллектуалдық, мәдени-танымдық ізденісін, тәжірибесін, әлеуетін танымалдандыру орайында Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын жаңаша зерттеп-зерделеу болып табылады.

 

Шара барысында аса көрнекті тіл білімі мен әдебиеттану көшбасшысының ғылыми қағидаттарын, тұжырымдамаларын білім, мәдениет т.б. бағыттарда салаландыру мен ахметтанушылардың жаңа буынын қалыптастыруға септесу бағытында салиқалы сөз қозғалып, жоғары және орта мектептің А.Байтұрсынұлы мұрасын оқу және тәрбие үдерісінде пайдалануға байланысты тәжірибесін талқылау және озық тәжірибелерді насихаттау жөнінде айтылды.

Келелі кеңес барысында белгілі ғалым Ербол Тілешов «А.Байтұрсынұлы және әдебиеттану әлемі» тақырыбында баяндама жасады.

 

Бұдан басқа үш бөлімнен тұратын тақырыптық арнайы көрмені таныстырды. Көрменің алғашқы бөлімінде ұлы ғалымның өз қаламынан туып, кейінгі жылдары жарық көрген шығармалары топтастырылса, келесі бөлімнен Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде жарық көрген кітаптарының түпнұсқалары мен фотосуреттер көшірмелері орын алған. Соңғы бөлім бірегей тұлға туралы ғылыми зерттеу еңбектерге арналған.

Бір айта кетерлігі, бұл көрме жуық арада Францияға аттанады.

Comments (0)
Post a comment