ОНЛАЙН-СЕМИНАР: ҚАЗАҚ ТІЛІН ШЕТЕЛДІК АУДИТОРИЯДА ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕРІ МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ

15.09.2022

2022 жылғы 14 қыркүйек күні КИМЭП университеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып, «Қазақ тілін шетелдік аудиторияда оқытудың әдістері мен технологиялары» атты республикалық онлайн-семинар өткізді.

Семинар қазақ тілін шетел азаматтарына оқыту әдістемесін жетілдіру, тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылып отыр.  

Семинар Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, ф.ғ.к. Ербол Тілешов және КИМЭП университетінің Білім беру және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, ф.ғ.к., Ph.D Жұлдыз Смағұлова құттықтау сөзімен ашылып, ары қарай

Назарбаев Университетінің Қазақ тілі мен түркітану департаментінің меңгерушісі, профессор Юлай Шамильоғлы: «Шетелдіктерге қазақ тілін оқыту (Kazakh as a Foreign Language) саласында халықаралық және Назарбаев университетінің тәжірибесі», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО дейінгі білім беру факультетінің доценті, ф.ғ.к. Гүлбағиза Мұсаева: «Қазақ тілін үйретудегі етістіктің шақ категориясы», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.к. Бақыт Айтбаева: «Шетелдік аудиторияда қазақ тілін оқытудың табиғи әдістері», КИМЭП университетінің лекторы, п.ғ.к. Ләйлә Ерменбаева: «Шетелдіктерге қазақ тілін оқытуда сөйлеу дағдысын дамытудың тиімді әдістері», Назарбаев Университетінің Қазақ тілі мен түркітану департаментінің оқытушысы, магистр Айдар Балабеков: «Шетелдік студенттермен айтылым бойынша жұмыс түрлері» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндама мазмұны қазақ тілін шетелдіктерге үйретудегі әр түрлі тың тәжірибелер, басқа елдердегі тіл үйретудің озық үлгілері, әдістемелер, тәсілдерін қамтиды.

Семинарға белгілі ғалымдар, өңірлік тіл орталығының мамандары, мектеп оқытушылары, Қарағанды медициналық университетінің оқытушылары, шетелдегі тіл оқыту орталықтарының оытушылары, тіл жанашырлары, БАҚ өкілдерінен 100-ден астам адам қатысты.

Comments (0)
Post a comment