АХАҢ ҰНАТҚАН КІСІНІ БІЗ ДЕ ҰНАТАМЫЗ

23.09.2022

Нұғыман Манаевтың мұғалім таңдауы туралы қызықты тың дерек

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы бір нөмірінде Нұғыман Манаевтың өзі ашқан мектепке оқытушы (мұғалім) алу туралы құлақтандыруы басылған. «Қазақ» газетінде алуан түрлі жарнамалар мен хабарландырулар, хаттар, жарнамаларға (иғлан) да орын беріліп отырған. Осыдан ғасыр бұрынғы жарнамалардың мазмұны мен үлгісін де зерделеп көру арқылы, сол кезеңдегі ұлтымыздың заманауи өркениетке ұмтылыс жасаудағы құн көзқарасы мен экономикалық танымына да баға беруге болар еді. Айталық деп отырғанымыз «Қазақ», «Айқап» бастаған ұлттың төл баспасөзінде басылған ірі-ірі басмақаладан тартып шағын жарнамаларға дейін әр тұрғыдан қарап зерттеудің өзі бізге ХХ ғасыр басындағы қоғамдық жағдай мен ұлт қайраткерлері күн сайын құбылған замана ағысына қандай ұстанымда болғанына тарихи, шынайы баға беруге жол ашады. Бірде тағы да «Қазақты» ақтарып отырып, ғалым, ағартушы, мемлекет қайраткері Нұғыман Манаев жазған бір құлақтандыруға көзіміз түсті. Құлақтандырудың мазмұны төменде:

ЕКІ МҰҒАЛІМ КЕРЕК

«Қазақта» жазылған «Талап» мектебіне һәм тағы бір «қазақ» емлесімен оқыта білетін екі мұғалім керек. Жалуния айға 100 сом. Пәтер, тамақ бізден. «Қазақ» басқармасы ұнатқан мұғалім бізге жарайды. Оқу бірінші сентябрьден.

Адрес: Село Марфино, Астрах. губ.лавка Якубова.

Нұғыман Манаев.

Енді осы хаттың мазмұнына тоқталайық.

1. «Қазақта» жазылған «Талап» мектебі:

Нұғыман Манаев Уфадағы (бүгінде Башқұртстан астанасы) атақты Ғалия медресесінен білім алып, 1916 жылы туған ауылына келіп, «Талап» атты мектеп ашады. Сол мектеп туралы «Қазақ» газетінде мақала жарияланғанын меңзеп отыр. Қазақ ішіндегі ақжолтай жаңалықтардың бәрін қалт жібермейтін «Қазақ» газеті Нұқаңның ағарту ісін қолдап, жаңадан ашылған мектепті таныстырып өткен. Арада біраз уақыт өткенде оқытушы жетіспестігінен ағартушы Нұғыман Манаев осы хабарламаны жазған.

2. «Қазақ» емілесімен оқыта білетін.

Мұнда қазақ сөзі тырнақшаға алынғанына қарағанда, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуының қолданысқа еніп, ақпарат-баспасөздің басты жазуы болып қалыптаса бастаған кезеңі меңзеліп отыр. Яғни, ол кезде медреседен оқығандар шағатайлық үлгідегі қадім жазуын қолданса, ал, Ахмет бастаған қазақ көшбасшылары жаңа жазуды күллі қазақ баласына үйретуді әлдеқашан бастап кеткен болатын. Осыған қоса, орысша оқығандардың өзі «Төте жазу» мен қадімшеге келгенде іркіліп қалатын еді. Бұл туралы зиялылар сол кездің өзінде замандастарын және жетіліп келе жатқандарды көбірек тілге алып, сын тезіне салып отырған. Ал, Нұғыманның «Қазақ» емілесімен оқыта білетін мұғалім керек деп отырғаны да сол «Қазақты» шығарып отырған Ахаңның жазуының қыр-сырын толық білетін адамға зәру екенін көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі таңдағы жарнамаларда орысша немесе ағылшынша жақсы білетін адамды талап ететін компаниялар сияқты, ауылда ашылған мектептің өзінде қазақ жазуын яғни төте жазуды жақсы меңгерген мұғалімдердің қадірі арта бастағанын байқауға болады.

Жалуния айға 100 сом. Пәтер, тамақ бізден.

Жалуниямыз айлық еңбекақы. Жүз сомы сол кездегі ауыл оқытушысының бір айлық жалақысы. Осы арада бір қызықты дерек еске түседі. «Қазақ» газетін қаржыландыру үшін Ахаңдар құрған «Азамат» серіктігіне күллі Қазақ даласының жер-жерінен байлар бәлен жүз сомнан бастап, он сомға дейін жіберіп отырғаны туралы ақпараттар да «Қазақтың» бетінде көбірек кездеседі. Ұлттың дамуы үшін ұйыса білген сол кезеңнің байлары бір ғана газеттің шығыны үшін, атақ, бодау тілеместен, қорасындағы малын сатып, неше мұғалімнің айлығына барабар келетін ақшаны қазағының «Қазағы» үшін салып отырған. Бүгінгі шықбермес Шығайбайлармен салыстырғанда әне солар нағыз зиялы, иманжүзді, ардақтыларымыз еді. «Мадияр» деген бүркеншік есім қолданған Міржақып Дулатов «Қазақтың» әлдебір санында, Шығыстағы Зайсаннан, Арғы бет Тарбағатайдағы байлардан (Таңғыт үкірдай бастаған), бүгінгі Өзбек жеріндегі Намангән, Жизақ өлкелерінен, Сібірдегі қалталылардан, Оралдың мырзаларынан, т.б. жақсы-жайсаңдардан «Азамат» серіктігіне жиналған қаражаттың арқасында, бұған дейін татар мен орыстың баспаларынан басылып тұрған «Қазақ» газетінің енді өзінің тәуелсіз баспаханасы болғанын, шығарушы редакторлардан сырт, 20 адамды жұмысқа алып, майрағай да тайрағай болып жатқанын, бұған дейін жетісіне (аптасына) бір рет шығатын газет енді жетісіне екі рет шыға бастағанын, газет тиражының көбейіп, жазылушылар молайғанын айтып, Алаш баласынан шүйінші сұраған жазбасы бар еді. Қараңызшы, сол кезде «Қазақ» газетінің таралған аймағы бүгінгі Қазақстан деп аталатын мемлекеттің сыртына дейін шығып кеткен болатын. Бүгінгі тәуелсіз елдің бас баспасөзі саналатын «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ әдебиеті» газетін Ахаңның «Қазағы» шаң қаптырып кететін еді.

Тағы бір қызықты дерек, «Босқын қырғыздарға жәрдем» атты Қыр баласының (Әлихан Бөкейхан) үндеуінен кейін, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топ өз қалталарынан отыз сомнан ақша шығарғаны да сол «Қазақта» тұр. Енді қараңыз, ұлт тағдырының ұлы жолындағы қат-қабат ірі істерді тындырып жүріп, Ахаң бастаған көшбасшылар Патшалық орыс әскерінің қысымынан Қытай асып Қызылсуға кеткен қырғыз бауырларына өз еңбек ақыларының үштен бірін жіберген. Бір оқытушының айлығы жүз сом болса, Ахаң өзі бастап отыз сомды босқан қырғыздарға жәрдем беретін комиссияға ұсынған. Оған Міржақып Дулатовтың: ««Оян Қазақ» кітабымды қайта шығарып, сатамын, сатылымнан түскен ақшаны босқын қырғыз бауырларыма жіберемін!» деп тағы да осы «Қазақта» жалпақ жұртқа жар салғанын қосыңыз. Недеген бауырмалдық, ұлтшылдық, берекешілдік, бірлікшілдік. Бұлар туралы жағдай жар берсе алдағы күндерде түпнұсқаны сілтей отырып жазуға тырысамыз.

Құлақтандырудағы пәтер, тамақ бізден деуіне де мән берген жөн. Қонақжайлы бір қазақтың үйін сұрап алып, саусағынан бал тамған бір ананың дастарқанын енді келетін екі мұғалімге жайды ма, жоқ, «Талап» мектебінде оқытушылар жататын жатақ және асхана болды ма, оны да сол кезеңге көз жүгірту үшін зерттей түсу қажет.

«Қазақ» басқармасы ұнатқан мұғалім бізге жарайды. Алақандай жарнамада жазылса да осы бір ауыз сөйлем сол кездегі Ұлт көшбасшыларының арасындағы сыйластық пен татулықты білдіретін ұлы сөз деуге толық негіз бар. Себебі, бұл жерде «Қазақ» газеті күллі сауатты қазақтың деңгейіне кесім айта алатын үлкен өлшеуіш құрал болғанына көз жетеді. Яғни, бұл сөзден: «Ахаң ұнатқан кісіні, біз де ұнатамыз» деген ұғымды көріп тұрғандаймыз.

Әлихан, Міржақып, Ахметтер осы кезеңде шыққан әрбір кітапқа ғылыми сын баға беріп отырғаны бір бөлек әңгіме. Дейтұрғанмен, Әлекең, Міржақаң, Ахаңдар айтқан әрбір сөзді сол кездегі ағартушы зиялылар бір ауыздан мақұлдап отырғаны байқалады. Әрине, тіл-жазу мәселесінде, басқа да саяси таңдаулар турасында пікір ала-құлалығы, ғылыми пікір-таластар да көбірек өмір сүрген. Дегенмен, Ұлт ұстазының жанынан табылған, «Алаш туы астында күн сөнгенге сөнбеуге» анттасқан топ қиын күнде де бірін-бірі сатқан жоқ, аттырған жоқ.

Аталған жарнамада «Қазақ» басқармасы ұнатқан кісі бізге де жарайды деуі, жоғарыға бағыну, ұлт көшбасшысының таңдауына құрмет ету деген жоғары саналы кісінің ойын көрсетуде. Әсіресе, ұстаздық, оқулық жазу, әдістеме, т.б. жақтардан алаш баласын мойындатып үлгірген тәжірибелі Ахмет Байтұрсынұлының таңдап берген тәлімгерінде мін болмайтынына сенген кішілік пен кісілік қасиет бірдей көрініп тұр. Қазақта «Жар таңдасаң кәріге таңдат, ат таңдасаң жасқа таңдат» деген аталы сөз бар. Ағарту саласында көпті көрген, «Кісі болар кісіні кісесінен танитын» Ахметтерден өтіп қайда барамыз деген сарын менмұндалаптұр Нұғыман Манаевтың жазбасында.

Ал, ең соңғы жазылған мекен-жайға қарап, сол кездегі Астрахан аймағындағы Нұғыман ашқан «Талап» мектебінің орнын көруге де болады. Әуелгі аты Қажы тархан, ауызша Аштархан болып айтылып, орыстар келгеннен кейін Астраханға өзгерген осы бір киелі алқаптың аты аталса-ақ, тек қана аймадет ерлер ғана ат байлаған алтын атағашты Алтын Ордадан бергі тұтас тарих көз алдымыздан көлденеңдеп өте шығады. Жалпы, ұлттық ағартуда еліміздің осынау батысы, Орал, Аштархан аймақтарынан шыққан ерлердің еңбегі ерен. Жалғыз парша хатынан «Жаңалық аштырып» отырған Нұғыман Манаев та сол топырақтың тумасы еді. Оқырманға о кісінің (Ахмет Байтұрсынұлы III жақтың сыпайы түрін о кісі деп көрсеткен. – Ә.А)

 

өмір дерегін келтіре кетейік: Нұғыман Сәрсенұлы Манаев (17.09.1894, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Жанбай ауылы - 1942) — ғалым, ағартушы, мемлекет қайраткері. Уфадағы "Ғалия" медресесін бітірген (1916). Бейімбет Майлинмен бірге "Садақ" атты қазақ оқушыларының қолжазба журналын ұйымдастырып, қосымша редакторы болған. "Айқап" журналында мақалалары, 1915 жылы "Аяқталмаған романнан үзінді" көркем туындысы жарияланған. Медреседен кейін туған ауылында ұстаздық етіп, "Талап" мектебінің негізін салады. Болашақ мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курстар ұйымдастырған.

 

"Иман ислам" (Т.Жароковпен бірге) кітабы, "Жастар арасында", "Азамат" шағын пьесалары бар. Шәңгерей Бөкеев өлеңдері, Спандияр Көбеевтің "Қалың мал" романы жайлы зерттеулері ұлттық әдебиеттану ғылымына қосылған сүбелі үлес болып табылады.

 

 

Қазаққа бір өзі мың кісідей еңбек еткен ұлдардың бірі Н.МАнаев осы адам. Нұғыман Манаевтың «Иман-Ислам» атты оқулығы 1916 жылы Уфада жарық көрген. Бұл кітап бүгінгі таңда Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорында тұр.

 

Әділет Ахметұлы, ақын, «Алаш» мұраларын зерттеуші
https://www.abaq.kz/kz/article/axan-unatqan-kisini...

Comments (0)
Post a comment