БАЙҚАУ МӘРЕГЕ ТАЯУ ҚАЛДЫ

29.09.2022

2022 жылғы 29 қыркүйек күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында өтетін «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауы мен «Мен қазақша сөйлеймін» акциясын ұйымдастыру бойынша жұмыс тобының отырысын өткізді.

Акция бойынша дауыс беру 30 қыркүйек күнгі түнгі 00-00 сағатта аяқталады. Одан кейінгі дауыстар есепке алынбайды. Арнаулы комиссия сол сәттен дереу жұмысқа кіріседі.

«Жеңімпаздардың анықталуына тура бір күн қалды. Үміткерлердің де, жанкүйерлердің де жүрек дүрсілі жиілей түсті деуге болады. Арнаулы байланыс телефондарында маза жоқ. Байқау барысы бойынша сұрақтар легінде шек жоқ. Бәріне де жауап беріп жатырмыз. Қатысшуылардың белсенділігі қуантады. Әйтсе де өз тарапымыздан сөзбен қолпаштағаннан гөрі, қалған бір тәулік ішінде көңіл қоштауларын лайк арқылы білдіруге кеңес береміз»,– деді Орталық атқарушы директорының орынбасары Лиза Қожаққызы.

Жұмыс тобының мәліметінше, күні бүгін 140-тан астам үміткер қатысып жатыр екен. Жүзден жүйрік шығар жүлдегерді анықтау оңайға соқпайды.

 

«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауы биыл бірінші рет денсаулық сақтау саласындағы өзге этнос өкілдерінің арасында өтіп жатыр.

Құлақ түріп жүрелік, бұл жөнінде қосымша хабарлайтын боламыз.

Қатысушылардың баршасына сәттілік!  

Comments (0)
Post a comment