ЕЛОРДАДА «ОЙ КӨКПАР» ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСЫ ӨТТІ

29.09.2022

Есеп комитетінде корпоративтік рухты нығайту, мемлекеттік және ұлттық мерекелердің идеологиялық құндылықтарын ілгерілету, мемлекеттік тілді дамыту мақсатында «Ой көкпар» зияткерлік сайысы өтті,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

 

Құжаттарды лингвистикалық сараптау және редакциялау секторының меңгерушісі Данияр Жамбайбектің айтуынша, ведомствода мұндай шаралар жыл сайын өтеді және қызметкерлер белсене қатысады.

Ол Тіл саясаты комитетінің «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген Ахмет Байтұрсынұлы туралы бейне роликтің арнайы көрсетілгенін атап өтті.

Ең алдымен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылатынын атап өткім келеді. Сондай-ақ, биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойымен орайластырып өткіздік. Ол туралы арнайы ролик көрсетіп, ерен еңбегін еске алдық. Қатысушылар алаштанушы ғалымдардың сұрақтарына жауап берді. Қандай сала маманы болмасын, Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын білуі тиіс. Сол себепті оның ғылыми жолынан бөлек, қарапайым өмірде қолданған құралдары туралы да сұрақтар болды. Екіншіден, Есеп комитеті мұндай шараларды жүйелі түрде ұйымдастырады. Себебі мемлекеттік қызметшілер арасында ұлттық мерекелердің идеологиялық құндылықтарын насихаттаудың маңызы зор, – деді Данияр Жамбайбек.

Сайыста Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Айнагүл Көкенова қазылық етіп, шараның маңыздылығын ерекше бағалады.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық ғылымның негізін қалаған, ел тарихындағы ұлы санаткер тұлға. Оның өміршең, ғылыми-әдістемелік ұстанымдары әлі күнге дейін өзектілігін сақтап келеді. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Алаш қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетел архивтерінен іздестіріліп, ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Байтұрсынұлының таңдамалы еңбектерін қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде әзірлеп, баспадан шығару жоспарланған. Еліміздің барлық білім мекемелерінде ғылыми-танымдық шаралар өткізіліп келеді. Сонымен қатар, ұлт ұстазының мерейтойын барынша насихаттауға мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар атсалысуда. Соның бірі Есеп комитеті өткізіп жатқан бүгінгі «Ой көкпар» зияткерлік сайысы. Қызметкерлерге Алаш мұралары бойынша мәлімет беру, ұлттық сананы жаңғырту, рухты ояту, идеологиялық құндылықтарды ілгерілету, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді мақсат еткен осындай мазмұндық шаралардың мемлекеттік органдарда көптеп ұйымдастырылуы қуантарлық жайт, – деп атап өтті Айнагүл Көкенова.

Аталған сайысқа Есеп комитетінің құрылымдық бөлімшелері, «Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы» ЖШС қызметкерлерінен 3 команда қатысты. Әр команда 5 ойыншыдан тұрады. Сайыс сұрақ-жауап форматында өтті.

Бүгінгі сайыс өте қызық өтті. Біздің команда 2-орын алды. Логикалық сұрақтармен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-танымдық мұрасы, мемлекеттік тілді меңгеруге қатысты сауалдар болды. Әсіресе, «Ахмет Байтұрсынұлының өзінің емес, отбасының мүлігі болып саналатын бір зат болған екен. Бұл зат отбасының ұйытқысы, оны ортаға алып барлық отбасы мүшелері жиналатын болған» деген секілді қызықты фактілерге негізделген сұрақтар ойландырды. Күнделікті жұмыстан бір сәт үзіліс алып, осындай интелектуал әрі рухани құндылықтарды дамытуға қатысты сайыстың өтетіні қуантады, – деп ойыннан алған әсерін бөлісті Есеп комитетінің қызметкері Ілияс Өтегенов.

Сайыстың мақсаты – ведомстводағы қызметкерлердің ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту, мемлекеттік тілде сөйлеу қабілеттерін, өз ойын еркін жеткізу дағдыларын дамыту, оқу-білімге деген қызығушылығын арттыру. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

 

 https://baq.kz/elordada-oy-kokpar-ziyatkerlik-sayysy-otti-288376/

Comments (0)
Post a comment