АХАҢНЫҢ "КҮН-БАҚПАСЫ» НЕ НӘРСЕ?

10.10.2022

 

Ахаң – А. Байтұрсынұлының керемет кітаптарының бірі – «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығы. Аталған оқулықтың тұлабойы тұнған асыл. Ұлт ұстазының «Оқу құралы» (қазақша әліппе) атты оқулығы мен «Әліпби. Жаңа құрал» атты екі оқулығы әдістемелік, мазмұндық, формалық, т.б. жағынан мүлде басқаша екі дүние деуге болады. Осыған дейін ғалымдар екі оқулықты бір-бірімен айырмасы аз әліппелердің қатарына жатқызып келді. Шын мәнінде ол қате түсінікке бастайтын көзқарас. Ол туралы біздің келесі уақыттарда жұртпен жүздесетін мақалаларымыздан оқи аласыздар.

Ахаңның әрбір еңбектерінен тарихтың қош иісі бұрқырап тұратын көне сөздер мен Ахаң өзі өмірге әкелген тың терминдер және сүйекті тіркестер жиі кездеседі. Солардың бірнешеуін атай кетсек – күнбақпа, бүркеу күн, айнымал деген сөздер. Күнбақпа атты бұл сөз ғалымның «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығының (1926, 1927 және 1928 үш жыл бойы 20-50 мың тиражбен Қызылордадағы мемлекеттік баспадан жарық көрген аса құнды мұра) 105-106 беттерінде «Күнбақпамыз» атты шағын мәтін бар. Мәтіннің ұзын ырғасы бастауыш мектеп оқушыларының әр айдағы ауарайы жағдайын керегекөз кесте сызып, сол кестеге жазып отыратыны туралы баяндалған (төменде мәтіні толық берілді). Енді осы үш сөзге жеке-жеке тоқталайық:

Күнбақпа – түпнұсқада сол кездегі төте жазудың емлесі бойынша «күн-бақба» болып жазылған. Бұл сөзді ғалым «ауарайының жай-күйі» немесе «бір айлық күн райының жағдайы» деген сөйлемді бейнелейтін термин ретінде қолданған. Және осы бір жасампаздықпен кітапқа енгізген термин сол кезеңдерде белсенді қолданыста болған сияқты.

Бүркеу – бүркеу күн дегенді мал шаруашылығымен шұғылданып отырған ауылдағы қазақтар әлі күнге дейін қолданады. Таңнан кешке дейін күн ашылмаған, бұлтты күнді айтады. Қазақтың ауызекі тіліндегі сол бір «бүркеу» сөзін А. Байтұрсынұлы міне осылайша ресми стилдегі қолданысқа да икемдей бастағанын көруге болады.

Айнымал – бұл сөз ала бұлтты немесе күн бірде ашылып, бірде жауындатқан тұрақсыз ауа райын бейнелеуге арналған. Халықтың тілінде де айнымал сөзі айнығыш, тұрақсыз, тұрлаусыздықты бейнелейтін сөз екені баршаға аян. Алматының ауарайы мүмкін осы айнымал сөзіне дәл келсе керек.

Алақандай ғана мәтіннен Алаштың ұлт ұстазы салған сара жолдың әлдебір бөлегі көзге шалынғандай болады. Аталған мәтінде қыстың ауа райын «ашық», «қар», «бүркеу» және «айнымал» деп төрт-ақ түрге бөліп көрсетеді «жаңа құралдың» авторы сол кезеңнің жеткіншектеріне. Осы бір көне оқулықты оқып отырып бүгінгі Қаз-гидроеметтен келетін ауарайы туралы сауатсыз ескертпелері еске түседі. «Бұршақ жауу күтілуде» (бұршақ жауады десе аузы қисайып қала ма?), «Желдің ұйытқу қатері» (дауыл тұрады немесе құйын соғады демекші шығар?), «Сулы қар (қар аралас жаңбыр ма екен?)», «Көлденең су (Сел немесе тасқын болар? қазақ қазақ болғалы таудан құлап аққан суды көрдік, бірақ тауды көлденең сырғып аққан суды кім көрген?)», «ірі бұршақ қатері», «шаңды дауылдар пайда болу қатері», т.б. сырқат сөйлемдерді орысшадан өлі аудармаға бой алдырып аударғансымақтанғанша, неге осы мемлекетті құрған ұлттың тілімен тікелей жаза салмайды екен?

Ахаң мұраларында ана тілімізді талай ғасырға дейін таза ұстауымызға септігі тиетін тың тіркестер, сөздік қорлар жетерлік. Төменде, әліпбені үйреніп болып, мәтіндер жазып, оған талдау жасауды бастаған бастауыш мектеп оқушыларына арналған «Күнбақпа» туралы мәтінді толығымен көпшілікке түпнұсқа күйін сақтай отырып оқырманға көрсеттік. Керегекөз кестеге қарап отырып, аптаның жеті күнін бүгінгі біз секілді дүйсенбіден жексенбіге дейін емес, жұмадан бастап бейсенбіге дейін жазуында да сыр барын аңғаруға болатындай. Және «жексенбі» мен «дүйсенбіні» «...нбі» Бойынша өзгесін түгелдей «...імбі» бойынша (сембі, сейсембі, сәрсембі, бейсембі) жазуында да мән бар ма екен дейміз?!

КҮН-БАҚБАМЫЗ

Декәбір айы келді. Күн-бақбамызды жаңадан істеу керек болды. Қағаз алыб, өткен айдікіндей қылыб кереге көздеб сыздық. Басына ірі қылыб «Декәбір күн-бақбасы» деб жаздық. Шетіне қыс тұуралы білетін өлеңдерімізді жаздық. Күн белгілерін сызық астында көрсетіб қойдық, ашық күнге арнаған белгіміз дөңгелек – күн сүгіреті. Қарға – жұлдызша қойамыз. Бүркеу күн болса, кереге көздің бетін ійрек сызықбен бүркеб қойамыз. Ала бұлттау күн болса немесе айнымал күн болса, кереге көздің жартысын ійрек сызықпен жауыб қойамыз. Сонда декәбір күн-бақбасы мынадай болыб шықты. (Байтұрсын ұлы Ақымет, «Әліпби.Жаңа құрал». 105-106 беттерінен )

 

 

Әділет Ақыметұлы

https://www.abaq.kz/kz/article/aqannin-kun-baqpasi-ne-narse-auarayindagi-burkeu-aynimal-kunder-turali-qiziqti-derekter.html#gsc.tab=0

Comments (0)
Post a comment