АХАҢНЫҢ «ТӨТЕ ЖАЗУЫН» ҚОЛДАҒАН ШӘКІРТТЕР немесе «Қос жүре түзеледі»

11.10.2022

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1912 жылы «Төте жазуды» барлыққа келтіргеннен кейін, сол жылдан бастап өзінің «Оқу құралы (қазақша әліпбе)» атты оқулығында қолданысқа енгізіп, өзінің ұлы жаңалығын алқалы топтың талқысына салғаны белгілі. Келесі жылы (1913) жылы Орынборда «Қазақ» газетін шығара бастағанда-ақ, газетте ұлттық ағарту бағытындағы ғаламдық жаңалықтарды, саяси тұжырымдарды, ғылыми-әдеби сараптамаларды жиі жариялап, қоламталы тақырыпқа өздері бастап, ел болып қостап кірісіп кеткен еді. Ахаңның осы қатарда жұрт талқысына өзінің төте жазуы және жазудың емлесін ұсынған. «Қазақ» пен «Айқапта» бұл тұста аталған жазу мен емлені қолдағандар, қорғағандар және дәлелсіз қарсы тұрғандар, кем-кетігін ғылыми тұрғыда саралап көріп, ғалымға аталған әліппені жетілдіре түсуді айтқандар да болды.

Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандардың көрегендіктеріне таң қалмасқа шарасыз қаламыз. Мағжан «Мен жастарға сенемін» деп жырласа, Ахаң мен Әлихан жасы өздерінен екі мүшелге жуық кіші, ізбасар інілері Елдес Омарұлы бастаған буынды «еркелете жетектеп» отырады. «Қазақ» газетінің жазуы болған «Төте жазуды» ендігі жерде «Қазақ» емлесі, «Қазақ» жазуы деп атап кеткен сол тұстағы зиялылар, Ахмет Байтұрсынұлының осы тапқырлығын қолдап, бірі аға бірі іні, бірі жаға, бірі жең болды. Ал Ахаң өзі бас болған «Қазақ» газеті емле туралы түйткілге сол тұста оқып жатқан жастардың пікірін де айырықша назарда ұстағаны байқалады. Тіптен, сол кездегі Алаш арыстары өспірім кезінде өздері сусындаған «Ғалия» медресесінің шәкірттеріне газет арқылы хат жазып, олардың «Төте жазу» туралы көзқарастарын сұраған.

«Қазақ» газетін парақтап отырып қарасақ, «Ғалиялық жастар» Ахмет әліппесін қолдайтынын білдіріп, бірнеше рет мақала жариялағанын көрдік. Біз бүгінгі мақаламызда аталған жастардың «Төте жазуға» көзқарасын қалай білдіргенін көпшілікке таныстырмақшымыз. Бүгінгі таңда біздің санамызға медресе десе діннен азды-көпті сауат ашатын, шағын діни оқу орталығы елестейді. Дегенмен, сол тұстағы «Ғалия» медресесі Патшалық Ресейге қарасты мұсылман білімпаздарының бірегейлері ғана бара алатын, жоғары оқу деңгейіндегі институттық үлгіде білім беретін ағартушылықтың ұлы ордасы болған. Яғни, «Ғалияға» екінің бірі, егіздің сыңары кіре бермеген. Қазаққа көшбасшы болған тұлғалардың көбінің білім алған ошағы – осы «Ғалия» еді. Сөзімізге дәлел ретінде мына сөйлемге назар аударайық:

Ғалия медресесі, Медресе Ғалия – Башқұртстанның Үфі қаласында 1872 жылы ашылған мұсылмандық жоғары діни оқу орны.

Медреседе дін сабақтарымен қатар араб, парсы, түрік, орыс тілдері, шығыстану тарихы, химия, физика, математика, география, т.б. жаратылыстану ғылымдары оқытылған.

Оның ұйымдастырушысы түркі зиялысы Зия Қамали. Медресенің "Ғалия" (араб.: "ұлы", "мәртебелі"‎) аталуы оның жоғары дәрежелі ежелгі оқу орны екенін аңғартады.  "Ғалия Медресесі" Еділ бойы, Орталық Азия, Қазақстан аумағына жоғары білімді оқытушы мамандар даярлаған прогресшіл бағыттағы білім ұясы болған. Онда дін сабақтарымен қатар араб, парсы, түрік тілдері, исламдық құқық (шариғат), шығыстану тарихы, арифметика, география, математикамен қатар орыс тілі мен әдебиеті де оқытылған. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында "Ғалия Медресесінде" көптеген талапкер қазақ жастары оқыған. Солардың ішінде М.Жұмабаев, Б.Майлин, Т. Жомартбаев, Ж. Тілепбергенов, М. Тұрғанбаев, А. Мәметов, Қ.0разбаев, И. Тасболатов, Ш. Назаров, Ғ. Тоқшарбеков, Ғ. Қамзин, Мұхамедғали Оразбаев, т.б. не бары 1913 жылы қазақтан 50 бала оқыған. Мұнда қазақ қыздары да оқыған. Медреседе жалпы 500-ге таяу шәкірт білім алған. "Ғалия Медресесіндегі" қазақ шәкірттерінің қаражатымен 1911 жылы "Әліппе яки төте оқу" атты қазақша оқулық, 1913 - 14 жылдан бастап Б. Майлиннің негіздеуімен «Садақ» атты журнал шығарған.

Міне осындай көрнекті білім ордасының сол тұстағы шәкірттері де Ахаңның жазуына үн қосып, бір емес, бірнеше рет «Қазақ» газетіне мақалалар жариялаған. Шәкірттер мен жастар ғана емес, сол тұстағы зиялы қауым өкілдері де «Төте жазуға» жиі пікір айтып отырғанын жоғарыда жеткіздік. Тіптен, осы жазуды қолдайтын және қолдамайтын екі жақ бір-бірімен «Қазақ» газітенде ашық хат жазысып, қызу пікірталасқа шыққан.

Енді біз «Ғалия» шәкірттеі жазған бірнеше мақаланың бірін оқырманға ұсынайық:

ЕМЛЕ ТУРАСЫНДА

Бұл заманда оқу, оқыту жылдан жыл таррақи етіп, мақсұты ілгері жүру. Әр жұрт та аяғын кере-кере аттап кетіп барады. Әр жұрт өз тілін, өз емлесін қатарға қосып, өз әдебиетін ілгері жіберуде, ол әдебиеттің ілгері басуы тілдің байлығында. Жалғыз тілдің бай болуы ғана жетпейді, байлығын майданға салып көрсету керек болады. Біздің қазақ халқы тілі бай, әдебиеті мол болса да, өзіне арнаулы емле, балаларын тәрбие етерлік жөні түзу әліппе майданға шыққаны жоқ еді. Замананың түрткілеп оятуына да оянушылар аз еді. Ұйқысы сергек Ахмет Байтұрсынов неше жылдан бері ойлап, сынап, жаңа емлемен жазған алифбаны бір жылдан бері майданға қоя бастады. Емле турасында медресе Ғалиедегі қазақ шәкірттерінің пікірін білейін деп ойлаған еді. Медреседе қырықтан аса қазақ шәкірттері бар еді, кейбіреулер қабыл етуді қолдап, кейбіреулері бұл емле және алифба мәселесі жеңіл іс емес, біраз мекеме қылып тексеріп қарайық, не үшін десеңіз заманамызға ұнаулы болып дауам ететін бір іс, ол істің негізді боларлық түрі бар ма, жоқ па? Анықтап көз салу керек, қолдануға лайықты тапсақ, қабыл қылармыз. Кем жері болса, көрсетерміз деген ойда болып қабыл етуге кезінде мойындап жауап бермеген еді. Екі айға жақын талқыға салып, ойлап сынағанның соңында қабыл етуді ұнамды таптық. Бұл Ахмет Байтұрсынов әліппесінде кем жері болса болар. Ондай жерлерін тәжірибе иесі елде мұғалім болған шәкірттер өздері бір хатпен жазушыға білдіруге мүмкін. Лайық болған жерде пікірден шығып кетпес. Не үшін десеңіз шәкірттеріміз де, жазушыларымыз да әр қайсысы ұлт балаларына оқу ісінде ауырлық келтіру, қиын жолға бастау ниетінде емес, бәлки жеңілдік, оңайлату жағында. Аз-маз кем жері болса да, қабыл қылу керек. «Қос жүре түзеледі» деген, бастауында кемдік, қысқалық болса да, жүре жөндігіп кетер. Бірен-саран болса да жолбасшыларымыз көріне бастады. Әр жерде оқып жүрген азаматтарымыз да бар. Мұнан он жыл бұрынғы шағымыз бен соңғы 4-5 жылды салыстырып қарасақ, арасында көп өзгерістер бар. Бұрын ноғай медреселерінде қазақ шәкірттері жоқ есебінде аз еді, соңғы жылдарда бірте-бірте көбейіп оқу жолына кірісіп жатыр. Жақсы оқып шығып, ұлтына қызмет жолына бел байлап түскен- дері бар. Сондай талапты азаматтарымыз ұлт баласына қызмет еткелі ниет қылып оқу құралына ділгір болып шыққанында жоғын-керегін даярлап қойған Ахмет мырза Байтұрсыновтың оқу құралын қолданып, тәлім жолына кірісуін тілейміз. Кейбір ұнатпағандар да болар. Бізге әліп, би, ти, си, яки мұғалім әуелі, мұғалім саны жетпей ме деп, үстінен қарағанда жетерлік болса да, терең ойлап қарағанда ұнамсыз талай жерлері бар деп білеміз. Бірнеше милион қазақ халқы өзімізге белгілі тілде жазылған балаларды тәрбие қыларлық әліппе, емле, сарф, тарих, хисаб, жағрафия секілді өз тілімізде жазылған кітаптың жоқтығы еді. Өздеріміз кемшілік не дәрежеде екендігі ап-ашық көрініп тұр. «Көп жоқтаса, жоқ табылады» деген секілді қазақ ішіне шыққан азаматтар балаларды бір ізбен тәрбие етуге сіздер борыштысыз. Қабыл етуге риза болып қол қойған шәкірттер медресе Ғалиеде.

Сәдуақас Жандосов, Ысхақ Заһиров, Абушахме Боқаев, Абдалхамит Молдағалиев, Абдолла Толбаев, Хайралла Ибрахимов, Закир Сералин, Ахмет Маметов, Ерғали Бейсов, Софалла Ғабдолғазизов, Исмаил Тұрсынов, Тажәли Жұмалиев.    

  • «Қазақ» газеті, 1914ж. №49, 4-бет.  

Мінеки, құрметті оқырман, сіздерге жеткізуге асыққан құнды материалымыз осы. Көбі сол кезде жиырмадан аса қоймаған боз жігіттер бола тұра, сөздері мірдің оғындай. Сөз саптауларынан Әлихан, Ахмет, Міржақыптарды көп оқып, соларға еліктейтіндері менмұндалап тұр. Ахмет Байтұрсынұлының жүрек қанын сарқа жұмсап жасаған төте жазуын қолдайтындықтарын білдіріп «Қазақ» басқармасына хат жазған өзгежазармандардың саны жетерлік. Олардың бәрін жіпке тізген маржандай баяндай бергеннен гөрі, сол заманның жас білімпаздары Ұлт  көшбасшысының ійгі ісіне қалай үн қосқанын көрсетудің маңызы жоғары деп білдік. Қолдау хаттың мазмұнын тәптештеп тәпсірлемей-ақ қоялық. Ойлы оқырманға біраз ой салары даусыз.

Хатта бүгінгі сөз зерттеушілерді қызықтырарлық екі мақал бар. Бірі «Қос жүре түзеледі». Біз «Көш жүре түзелетінін» білуші едік. Ол мақалдың мәнісін онан әрі ашуға тырысып, белгілі қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлы мақала жазған болатын. Ал, бүгін «Қос жүре түзелетінін» осыдан 108 жыл бұрынғы «Ғалия» шәкірттерінің мақаласынан ұшыраттық. Бұдан тыс, «Қос жүре түзелмек қой. Жата-жастана қара тақтай да істетілді, бор да табылды», – деп жазыпты  Жүсіпбек Аймауытұлы «Қартқожа» атты шығармасында. Бұл мақалдың «Ер қосы жүре түзеледі» деген нұсқасы да бар екен.

Енді бір мақал, «Көп жоқтаса жоқ табылады». Бұл мақалды да біз тұңғыш рет «Ғалия» шәкірттерінен кездестірдік. Мұндағы көп дегені көпшілік қауымды меңзейді. Көп рет іздей беру емес, көппен бірге, жұрт болып жұмылып іздеуді айтады. Қазақ жоғалған малын анадан сұрап, мынаған тапсырып жүріп іздеп табады. Іздегеннің жөні осы деп тау-тасты жалғыз кезбейді. Жіп ұшын іздеп, өзге де жоқшылар арқылы бір жоқты бір жоқ тауып алады. Шәкірттер бұл жерде қазақ жазуның кем-кетігін көп болып, ел болып толықтайық дегенді көрсетіп отыр.    

Хатқа қол қойған 12 шәкірт өткен ғасыр басындағы ала сапыран дәуірде күш-қуаттары жетісінше елге үлес қосқан азаматтар. Осы он екіліктің ішінен бір ғана Ахмет Маметовты алайық. Ол кісі Ахмет Мамытұлы. Атақты Мәншүк батырдың әкесі. Мәншүк Мәметова емес, шын есім-сойы Мәнсия Мамытқызы еді. Әжесі «Моншағым» деп еркелетіп жүріп, Мәншүк атанған. Ахмет Мамытұлы  қырық жасында «қылмысты» болып, атылып кеткенше өзі аттас Байтұрсын баласының ұлттық майданынан табылды. Өзі ұлттық тіл-жазу тақырыбында және денсаулық сақтау жөнінде көптеген мақалалар жазған қаламгер, ақын, журналист, дәрігер, қайреткер еді. Біз 2018 жылы А. Мамытұлының мұраларын тұңғыш рет құрастырып баспадан шығардық.

Көрсетілген қолдау мақаласында қолы қойылған кісілердің бәрін бірдей танимыз деп айта алмаймыз. Өткенде жазған мақаламызда да айттық, «Қазақ» газетінде басылған әрбір сөз-сөйлемнен тартып, кісі аттары және авторсыз мақалалар түгелдей тәуелсіз ұлттың көңіл көзімен қайталай зерттелуі керек.

Осы он екі жігіттен басқа бір тобы 1913 жылғы «Қазақта» Ахаң әліппесін қолдайтындықтарын ғылыми тұрғыда пайымдап, көлемді хат жазған. Бізді аталған кезеңдегі ұлттық ағартуға деген талпыныс пен ұлы іс барысындағы тұтасқан идеологиялық үрдіс айырықша қызықтырады. Бірі бастайды, екіншісі қостайды. Әрине, ел болған соң талай қарсы пікірлер де болды. Бірақ, ондай пікірлерге Алаштың Ахметі тұшымды жауап қатып, хат жазып, толқын жара алға ілгерілей берді.

Биыл Ұлт ұстазының өмірге келгеніне 150 жыл. Иә,  «Төте жазу» да биыл 110 «жасқа келді». Еліміздегі білім-ғылым ошақтарында Ахмет Байтұрсынұлының «Төте жазуын» оқытуды міндеттеу керек. Айналасы бір ғасыр болған басылымдарымызды түпнұсқадан оқи алмай тұрып, қандай биікке шыға алуымыз мүмкін?! Жұрттың баласы пәлен мың жылдық жазуын кәдеге жаратып, бабалырының бай мұрасын кез-келген ұрпақ түпнұсқадан оқып, санасына сәуле құюда. Бір ғасырда төрт рет әліпе ауыстырғанымыз аз болғадай, енді бесінші рет «Латынның» құйына түсіп көрмекпіз. «Қос жүре түзеледі», «Көп жоқтаған жоқ табылар».

 

https://www.abaq.kz/kz/article/axandi-qoldagan-shakirtter-nemese-qos-jure-tuzeledi.html#gsc.tab=0

Comments (0)
Post a comment