ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ БЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕР МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ПРАКТИКУМЫ

08.11.2022

2022 жылдың 9-10 қарашасында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасы «Қазақ тілін оқытудағы белсенді әдістер мен технологиялардың практикумы» республикалық онлайн семинарын ұйымдастырады.

Практикум - кез келген оқытудың маңызды бөлігі. Бұл дегеніміз оқытушылар мен әдіскерлерге жаңа дағдыларын дамытуға, тәжірибелерін жетілдіруге оқу ортасын қалыптастыру. Сондықтан, семинардың негізгі мақсаты қазақ тілін шет тілі және екінші тіл ретінде оқытудағы жаңашыл, тиімді әдістерді үйрету болып табылады.

Іс-шараға қатысушылар семинарға тартылған спикерлермен бірге жұмыс істей отырып, дағдылары мен білімдерін, тәжірибелерін синтездеу, біріктіру арқылы кәсіби салада қолдануға мүмкіндік алады.

Онлайн басқосу барысында М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ Жоғарғы гуманитарлық мектебі жалпы білім беру пәндер департаментінің профессоры Дүсіпбаева Қарлығаш Советқанқызы, КИМЭП университетінің лекторы, педакгогика ғылымдарының кандидаты. Ләйла Ерменбаева, Этвош Лоран университетінің қазақ тілі оқытушысы (Будапешт, Мажарстан) Айдана Мұратқызы, Хаджетепе университетінің қазақ тілі оқытушысы (Түркия, Анкара) Салтанат Ұзақбайқызы қазақ тілін шет тілі, яғни шетелдік азаматтары үшін оқытудағы үздік тәжірибелері мен отандастарымызға қазақ тілін үйретудің тиімді тәсілдері туралы түйген ойларын ортаға салады, сондай-ақ барлық қатысушылармен практикалық тұрғыда жұмыс жүргізеді.

Семинар жұмысына мемлекеттік тілді оқытатын Орталықтардың және шетелдік оффлайн/онлайн қазақ тілі курстарының оқытушылармен бірге, қазақ тілін ересектерге үйретіп жүрген жеке мамандар да қатысып, біліктілігін көтере алады. Сонымен қатар, ЖОО, колледж оқытушылары, мектеп мұғалімдері қатысатын болғандықтан, кең масштабтағы бұл шараның әдістемелік тәжірибе алмасу алаңына айналары анық.

Comments (0)
Post a comment