ОСАКАРОВКАЛЫҚ ҰСТАЗДАРҒА ІТ ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

08.11.2022

2022 жылғы 8 қараша күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы Қарағанды облысы Осакаров аудандық білім бөлімінің арнайы сұранысы бойынша аудандық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған онлайн конференцияға қатысып, ІТ жобалар туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

Жас ғалымның бұл бағыттағы дәрістері бір бұл емес, бұдан бұрын еліміз көлеміндегі іссапаралары мен онлайн оқулары жөнінде бірнеше мәрте жазғанбыз. Бұл жолы: «Осы мәселенің өзектілігі неде?» деген сұрақ қойдық.

«Жаңа технология дегеніміз бұл күнделікті өміріміз десе болады, тұрмысымызға дейін дендеп еніп кеткені соншалық, онсыз өзімізді елестете де алмаймыз. Сондықтан, тіл үйрету және оқыту саласы бұдан іргесін аулақ сала алмайды. Керісінше, кеңінен пайдалана отырып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқатата түсуіміз керек. Біздің «Sozdikqor.kz» платформасы, қазақ тілін деңгейлі оқытуға арналған Tilqural.kz веб-сервис қызметі, дұрыс жазуға көмекші құрал «Emle.kz» сайты мен терминологиялық қордың біріздендірілген жинағы «Termincom.kz» сайты үлкен сұранысқа ие болып отыр», – деді жас ғалым.

Жедел қарқынмен дамып жатқан ғасырда осы мазмұндағы пікірмен келіспеу қиын. Жаңа технология тілін меңгеру заманның бұлжымас талабына айналғаны даусыз ақиқат. Орталықтың ІТ жобалары қазақ тілін оқып, үйретуге арналған заманауи әдіс-тәсілдерге негізделген, сонымен бірге сауатты жазуға және сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс қолдануға бағытталған. Бұған оқырман қауым кез келген уақытта «Тіл әлемі» сайтына кіру арқылы бұған көзін жеткізе алады.

Comments (0)
Post a comment