«ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚҰЖАТТАРЫНЫҢ ҮЛЕСІ БАР БОЛҒАНЫ 5% ҚҰРАДЫ

10.11.2022

2022 жылғы 9 қарашада «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының ғимаратында ұлттық компаниялардың құжатайналымындағы мемлекеттік тілдің үлесіне ІІІ тоқсанда жүргізілген мониторинг қорытындысы талданды.

          «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 4-бабында  «Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі болып табылады» делінген.

Соған қарамастан мониторинг қорытындысына сәйкес ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілдегі құжатайналымының үлесі 70% құрады.

Соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (5%),  «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ (34%), «Қазақстан темір жолы» АҚ (34%), «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (36%), «QazExpoCongress» ҰК» АҚ (39%), «KEGOC» АҚ (49%), «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ (51%) және т.б. мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі тым төмен.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ іс-қағаздарын 95% орыс тілінде жүргізетінін атап өтпеске болмайды.

Осы орайда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қаба Әділбек Күнесханұлы «Еліміздегі тіл саясаты мемлекет дамуындағы маңызды стратегиялық бағыттардың бірі болса, ұлттық компаниялардағы құжат айналымды мемлекеттік тілде жүргізу осы саланың дамуына серпін беретін шешуші тетіктердің бірі» - дей келе, Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің «Кеңсе тілі қазақша болмай іс оңалмайды» деген сөзімен ойын қырытындылады.

 

 

Жиын бағдарламасына сәйкес «Қазақтелеком» АҚ-ның Мемлекеттік тіл саясаты секторының жетекшісі Қыдырбай Ұлан, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаментінің лингвистикалық бағыт жетекшісі Шоқаева Алма және «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ның бас маманы Қилыбаева Аяжан мекемелерінде тіл саясатының іске асырылу барысы жайлы баяндамалар жасап, тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын қорытындысы бойынша ұлттық компанияларға шығыс және ішкі құжаттарын мемлекеттік тілде дайындау мәселесін қатаң бақылауға алу ұсынылды. 

Айта кету керек, ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілдегі құжатайналымының үлесі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 96,5% құрауы тиіс.

Comments (0)
Post a comment