БЮЛЛЕТЕННІҢ КЕЗЕКТІ САНЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

16.11.2022

Мемлекеттік терминология комиссиясының Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті құрылтайшы болып табылатын бюллетені  «Терминологиялық хабаршының» кезекті №1 (62) саны жарыққа шықты.  

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының Бас редакторы Серікбай Әбілмәжінұлына биылғы алғашқы санының бұлайша ұзаққа созылу себебін сұрап, жолыққанымызда былай деді: «Көзі қарақты оқырман біледі, мемлекеттік басқару органдарындағы құрылымдық өзгерістермен байланысты бұрынғы Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының орнына Мемлекеттік терминология комиссиясы пайда болды. Тиісінше комиссия құрамы қайта бекітілді. Бюллетеннің биылғы алғашқы саны осы ресми мәліметтермен ашылды».

Бұдан кейінгі «Ресмиет» айдарында Мемлекеттік терминология комиссиясының биылғы 7 қазандағы отырысында бекітілген денсаулық сақтау, экология, геология және табиғи ресурстар салалары бойынша бекітілген терминдермен танысуға болады.

«Көкейтесті» бөлімінде ҚР ҰҒА академигі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының «Өзге тілде жазатын ғалым ешқашан қазақша термин жасамайды» деген мақаласы жарық көрді.

«Ғылым тілі қазақша болғанын, терминқорымыздың ұлт тілінің сөздері негізінде қалыптасқанын шынымен қалайтын болсақ, білім беру жүйесі қазақтілді ғылыми кадрлар даярлауға шындап кірісіп, мақсатты жұмыс атқаруы керек. Олай етпесек, кеңестік дәстүр жалғасып кете береді»,– деп жазады белгілі ғалым, тіл жанашыры.

Сондай-ақ, осы бөлімнен филология ғылымдарының докторы, профессор Шапағат Жалмахановтың «А.Байтұрсынұлының әдебиеттану мен тілтану ғылымдарында жасаған пәндік атаулары», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлының «Түркілік ортақ терминдерді қалыптастыру мәселелері туралы» ғылыми еңбектерін оқуға болады.

Бұдан басқа Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Назира Әшімбаева «Ахмет Байтұрсынұлының өміршең терминдері» туралы сөз қозғаса, Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сарқыт Әлісжан «Термин қалыптастыру тәжірибесінен» ой бөліседі.

«Талқы» айдарымен Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Тұрсын «Мемлекеттік тілдегі заңнама терминдері» деген өз мақаласын оқырман назарына ұсынса, филология ғылымдарының кандидаты Сая Итегулова «Қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін ұтымды пайдалану» жөнінде құнды да қызықты пікір білдіреді.

Осылармен бірге терминология саласы бойынша жарияланған басқа да терең әрі тартымды ғылыми жазбаларды оқығыңыз келсе, «Тіл әлемі» сайтында жарияланған бюллетеннің электронды нұсқасына төмендегі сілтеме арқылы өту қажет:  https://tilalemi.kz/tartu/one/1154

Comments (0)
Post a comment