ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

24.11.2022

Ақтөбе облысының Тілдерді оқыту орталығы директоры Клара Сергазина, орталықтың әдіскері Гүлсайран Төлегенова және оқытушы Ақмарал Нұржанова ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, латын әліпбиіне көшу маңыздылығын түсіндіру-насихаттау мақсатында "Латын әліпбиі - уақыт талабы" тақырыбында Ақтөбе облыстық сот судьялары, мамандандырылған соттардың төрағалары және кеңсе меңгерушілеріне онлайн және оффлайн форматта семинар-тренинг өткізді.

Семинар барысында жаңа әліпбидің қажеттілігі мен маңыздылығы, ерекшеліктері мен емле ережелері туралы ақпараттар беріп, латын әліпбиіне көшудің кезеңдері туралы түсіндіріп, бейнероликтер көрсетті. Сонымен қатар қатысушы қызметкерлер оқу-жазу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған қызықты да танымдық тапсырмалар орындады. Шара соңында сот қызметкерлері көкейкесті сұрақтарына жауап берілді.

«Латын әліпбиіне көшу жайында халық көкейіндегі екіұдай пікірдің бірлікке келуі үшін  бұндай шараларды өткізу өте маңызды. Себебі әліпби ауыстыру барысы өте күрделі процес. Қоғамның әр сатысы жаңа әліпбиге алдын-ала дайын болуы керек. Ол үшін ең алдымен латын әліпбиінің маңызы мен артықшылықтарын түсінуі тиіс»,-дейді Ақтөбе облысы тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Хакімғалиқызы.

Comments (0)
Post a comment